Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндері аясында «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты күй кеші өтіп жатыр. Концертте Әзірбай Өскінбаев бастаған Маңғыстау облысының танымал өнерпаздары өнер көрсетуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен кеш барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Жұмабек Қадырқұловтың «Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясы, Сұлтанбек Құдайберген мен Ақылбек Тасқараұлының «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралының таныстырылды. Кітаптардың тұсауын кесіп, ғасырлар үнін жиған теңнің ауызын шешу құрметі Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайға, ақын, «Отан» орденінің кавалері, «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» жобасының ұйытқысы Светқали Нұржанға, Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақовқа берілді.
«Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясының авторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Жұмабек Қадырқұловтың айтуынша, хрестоматияға Маңғыстаудың ұмытылып бара жатқан және жиі орындалмайтын тың күйлері жинақталған.
- Хрестоматияда Есіл, Есікбай, Құлшар, Қартбай, Өскінбай, Жолды сияқты классик композиторлардың, одан бөлек Бегім сал, Мамыт тағы да басқа композиторлардың тың күйлері бар. Соның бәрін топтастырып, ішінен жүз күйді кітапқа енгіздік. Аталған күйлер көне көз қариялардан жазып алынған, консерваторияның фонетикасында, Қазақ радиосының алтын қорында сақталған күйлерді жиналды. Ал оны Сұлтанбек Құрайберген цифрлық форматқа ауыстырып, бәрін жүйелеп ұсынды. Ал біз сол күйлерді нотаға түсірдік, - дейді Жұмабек Қадырқұлов.
Ал Сұлтанбек Құдайберген мен Ақылбек Тасқараұлының «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралында Маңғыстаудың жыршы, жырауларының орындаушылық үлгісі талданады.
Кеш соңында маңғыстаулық өнерпаздар кітапқа енгізілген күйлерді орындап, бағзы Маңғыстауды мекен еткен жеті жұрттың жырын жырлады.
Жұлдызай Қалиева