Елімізде COVID-19 вирусынан ем алып жатқан науқастардың көбі – вакцина алмағандар. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Коронавирустан емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүреді. COVID-19-дың қандай штамы анықталса да, емдеуде бір әдіс қолданылады. Айта кететін жайт, Омикрон штамының ерекшелігі – 96% жағдайда науқас емханада емделеді, қалған 4% жағдайда стационарға жатқызылады. Бүгінде коронавирус жұқтырып стационарға түсетіндердің дені – вакцина алмағандар. Сонымен қатар, созылмалы ауруы барлар және жүкті әйелдер», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен брифингіде.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазір 1500-ге жуық қазақстандық коронавирустан ем алып жатыр. Оның ішінде 300 пациент стационарлық жағдайда, қалғаны емхана арқылы.
«Қазір өкпені жасанды желдету аппаратында (ИВЛ) 11 адам және 2 науқасқа инвазивті емес жасанды желдету аппараты (НИВЛ) қосылған», - дейді ол.
Бұған дейін министр орынбасары коронавирустың таралу жағдайына тоқталған еді. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда коронавирус жұқтыру 2,3 есе артқан.