Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
Еліміздің барлық аймағы 5-сағаттық белдеуге түседі.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша қазір тиісті түзетулер жобасы дайындалып жатыр. Осы жылдың ақпан айында қазақстандықтардың қолайлы уақыт белдеуіне көшуіне байланысты әртүрлі институттардың ғалымдарынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
Мамандардың айтуынша 6-уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, денсаулыққа кері әсері етеді. Енді сарапшылар ағзаның биологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін бүкіл ел бойынша 5-уақыт белдеуіне көшуді ұсынып отыр.
- Адамдарға әсері күннің қақ ортасында тұруы, яғни кульминациясы біздің әлеуметтік сағатымызбен 12 сағатқа тең болса, онда біздің ішкі биологиялық ритмдерімізбен табиғаттың уақыты сәйкестікте болады. Яғни бұдан ешқандайда десинхронизация болмайды, - дейді қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев.
Мамандардың айтуы бойынша, елорда уақыты денсаулыққа зиян. Өйткені оқушы мен жұмысқа тұратын адамның ұйқысы қанбайды. Ал ұйқы бұзылуының салдарынан көптеген ауру туындайтынын бүгінде дәрігерлер жиі айтады.
- Жұрттың көбі егер біз 1 сағат артқа жылжып 5-уақыт белдеуіне ауысатын болсақ, денсаулығыққа қауіпті деп ойлайды. Біз ол белдеуге ауысатын болсақ керісінше денсаулығымыз жақсарады, ағзамыз реттеліп, тіпті біздің өміріміз жақсарады. Бұл эмоционалды өзгерістер уақытша ғана. Біз оған үйренуіміз керек, - дейді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Ермек Тоқбергенов.