Қазгидромет ел аймақтарында 23 шілдеде болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, жаңбыр жауады, найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі.
Тек республикамыздың оңтүстігінде, батысында, солтүстік-шығысында және орталығында көбінесе жауын-шашынсыз.
Республика бойынша желдің күшеюі байқалады, түнде және таңертең солтүстік-батыста тұман түседі.
«Күндіз Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Кызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында, Қарағанды, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ұлытау облыстарының оңтүстігінде 35-41°С қатты ыстық болады. Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағаңды, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарының басым бөлігінде, Қызылорда облысының орталығында, шығысында, Павлодар облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, орталығында, Атырау облысының батысында төтенше өрт қауіпі сақталады», - деп жазды синоптиктер.
Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Қостанай, Атырау облыстарының оңтүстігінде, Ақмола облысының оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында жоғары өрт қауіпі сақталады.