Елімізде құмар ойынға арбалған банк қызметкері 600 млн теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңсеге аударып жіберген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Шулы оқиға Қызылорда облысында болды. Тексеру барысында анықталған дерек бойынша, банктердің бірінде бақылаушы-кассир болып істейтін ер адам 602 900 000 мың теңгені екі жылдың ішінде қолды етіпті.
Өңірдегі қаржылық мониторинг агенттігінің департаметінің тергеушілері қазір аталған іс бойынша тексеру жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Банкте қызмет ететін ер адам 1 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп шығарып отырған. Ал 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларындағы жазбада ол ақшаны халаттың жеңіне орап шығарып отырғаны анық байқалыпты. .
Тергеу кезінде күдікке ілінген бақылаушы-кассир өзінің айыбын толық мойындаған. Сонымен бірге, букмекерлік кеңседен өз атына тіркелген шоттағы ақпарат бойынша 2020 жылдан бері жеке логиніне 158 млн теңге аударылған көрінеді. Бұдан бөлек, оның және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша ірі көлемде операциялар жүргізілгені де белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта күдікке ілінген қызылордалық банкир уақытша ұстау изоляторына қамалды.