"Kazakhstan Kids Online" ауқымды зерттеу кезінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеулі сын-қатерлер анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бұл зерттеу еліміздің оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізілген. Оның қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталып отыр.
«Интернет бала өмірінің маңызды бір бөлігіне айналды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие. Ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7%-ы қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді», - деп жазылған "Kazakhstan Kids Online" хабарламасында.
Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді екен. Ал ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланатыны анықталған.
«Осы тұста Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға «Ата-ана бақылауы» қосымшасын ұсынады. Бұл онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Қолданбаны Play «Ата-ана бақылауы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық диалог жүргізу және олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ − мамандары мен БАҚ өкілдерінің интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз», - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Комитет ата-аналардың ата-аналар бақылауы қосымшаларын пайдаланудың маңыздылығы туралы хабардар болуын арттыруға және оларды онлайн-кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді әдістеріне үйретуге бағытталған кең ауқымды науқан өткізуді мақсат етіп отыр.