Бұл оқиға Қостанайда болды. Жеке кәсіпкер Ксения Голомидова бірнеше жылдан бері Қостанай және Рудный қалаларындағы балалар үйлеріне демеушілік көмек көрсетіп келеді. Кәсіпкер бұл жолы да демеушілік жасаған. Дегенмен сатып алынған шыршалар тиесілі жерге дейін жеткен жоқ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Ксения мекемеге жалпы құны 276 мың теңге болатын сөмкелер мен 48 мың теңгеден үш шырша берді. Сыйлықтар балалар үйіне жеткеннен кейін фото есеп сұраған кәсіпккр суреттегі шыршаларды танымай қалған. Қазір ол суреттегі шыршаларды сатып алмағанын айтып отыр.
«Мен 22 желтоқсан күні балаларға үш үлкен, жапырақты шырша әкелдім. Арнайы екі метрден жоғары, әрі қымбаттарын сатып алдым. Фото есеп сұрағанымда маған басқа шыршаларды жіберіп тұр. Оларлың ұзындығы – қысқа, ал өздері сарғайып кеткен. Ал мәселені айтып, сұрай бастап едім – ешқандай жауап бере алмады»,- дейді кәсіпкер.
Балалар үйінің қызметкерлері демеуші сатып алды деген үш шыршаны көрсетті. Ал сатушы да, демеушілік көрсеткен Ксения да бұл ақпаратты теріске шығарып, суреттегі басқа ағаштар екенін айтады.
«Бұл менің тауарым емес. Мен шыршаларды дайындағанда Ресейге барып, әр ағашты таңдаймын. Одан кейін басқалармен араласып кетпес үшін бояумен белгілеп қоямын», - деп түсіндірді сатушы.
Ксения фото есепті бірнеше күн бойы ала алмағанын, сондықтан ол ғимараттағы камералардан түсірілген бейнені көрсетуді сұрағанын да айтады. Ал мекеме қызметкерлері бұл өтінішін орындамаған.
«Мен оқиғаға қатысты ештеңе айта алмаймын. Біз бұл жағдайды қарастырамыз», - деп жауап берді Қостанай қалалық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы директорының орынбасары Динара Әлмұхамбетова.
Ксения ақыр соңы полицияға жүгінген. Нәтижесінде балалар үйінің қызметкерлерінің бірі демеуші әкелген шыршаны үйіне алып кеткенін мойындады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қалған екі шырша орнында, бірақ Ксения мұнымен келіспейді. Енді бұл мәселені полиция тексеретін болады.