Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылындағы өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты көз жұмды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«25 желтоқсанда сағат 16.56-да Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 19 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру есептоптары Қарасай ауданының Көкөзек ауылындағы өртті сөндіруге шықты. Қызметтік борышын атқару кезінде екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатырын шарпыған өртті сөндіру барысында 19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы қайтыс болды», делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жүргізуде.
«Төтенше жағдайлар министрлігі Әділет Аянұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Ол сауатты, өз ісінің маманы ретінде мәңгі есімізде қалады», деп жазылған хабарламада.
19-МӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Уәли Әділет Аянұлы Алматы облысының тумасы, 1993 жылы туған. Азаматтық қорғау органдарында 8 жылдан астам уақыт қызмет атқарады. Үйленген, 4 баласы бар.
ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсететін болады.