Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу үшін 1 100 тонна кабель қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу жобасы бойынша теңіз арқылы Ақтау–Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық желіні салу жоспарланған.
Оның ұзындығы шамамен 370 шақырым болады. Нақты ұзындығы теңізде жобалау-іздестіру нәтижесінде анықталады.
Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу көзделген. Желінің максималды өткізу қабілеті — секундына 400 терабитке дейін.
«Суасты талшықты-оптикалық желінің мақсаты: Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қатынаудың жаңа бағыты; Қытай-Еуропа, Орталық Азия-Еуропа, Қазақстан-Еуропа халықаралық транзитіне арналған маршрут. Жобада кабельдің 2 түрін пайдаланамыз: қосарлы брондалған кабель (DA — Double Armoured); бір рет брондалған кабель (SA — Single Armoured). Кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне жеткізудің 2 бағытын қарастырдық. Бірінші бағыт: Қытай-Түркия-Қара теңіз-Еділ-Дон каналы-Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 98 күн қажет. Екінші бағыт: Қытай-Еуропа-Ресей-Еділ өзені-Ақтау. Бұл бағытқа шамамен 100 күн керек», — деді Бағдат Мусин.
Қазақтелеком басшысы кабельді Қытайдағы зауыттан Каспий теңізіне автожолдар арқылы жеткізуге де мүмкіндік бар екенін айтады.
«Ол үшін арнайы трал керек. Кабельдің жалпы салмағы шамамен 1 100 тонна, оны 4 корзинаға бөлу қажет. Әрбір корзинаның салмағы шамамен 230-295 тонна. Сондықтан барлығы 4 бөлек трал керек болады. Корзинаның өлшемдері: ені — 5-6 метр, ұзындығы — 14 метр, биіктігі — 4 метр. Рұқсат құжаттарын алуды санағанда автожол арқылы жеткізу шамамен 150 күнді алады. ҚазАвтоЖол және ҚазЖолҒЗИ мекемелерімен дайындық жұмыстарын бастадық. Автожол арқылы жеткізу үшін арнайы рұқсат алу қажет болады», — деді ол.