Кеше Ақтөбе облысы Хромтау ауданында жантүршігерлік жол апаты болып, 8 адам қайтыс болды. Оның үшеуі ересек және бесеуі бала, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар Маңғыстау облысында жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған балалар арасындағы футбол турниріне келе жатқан Әйтеке би ауданы Қарашатау елді мекенінің тұрғындары.
Қайғылы оқиға Самара-Шымкент тасжолының 862-шақырымында болған. Ақтөбе облысы Хромтау ауданында «MAN» жүк көлігі мен «Toyota Ipsum» автокөлігі соқтығысқан. Бастапқыда жеңіл көліктің жүргізушісімен қоса алты адам қаза болғаны туралы мәлімет берілді. Оның үшеуі бала болған.
Өкінішке қарай, көліктен тағы екі оқушының денесі табылған. Осылайша қаза тапқандардың саны 8-ге жетті: үш ересек және бес бала.
Ақтөбе облыстық ПД мәліметінше, көлікте балалар ата-аналарымен бірге болған.
- Алдын ала мәліметтер бойынша балалар мен ата-аналар футболдан Маңғыстау облысына жарысқа шыққан, - деді ЖПҚ басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.