Енді баспана кезегігде тұрған қазақстандықтардың кезегі бұрынғыдан жылдамырақ қозғалмақ, өйткені талаптарға сай келмейтіндер тізімнен шығарылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, барлығы 233 мың адам кезектен шығарылады. Өйткені көпшілігінің жеке баспанасы бар, басқалары – құжат тапсыру кезінде қателескен. Бүгінге дейін әкімдіктер 10 мың адамды кезектен шығарып үлгерді. Ал қалғандары пәтер алу үшін кезек күтуді жалғастыруда. Кейбірінің күткеніне он жыл немесе одан да асып кеткен.
«233 мыңға жуық адам талапқа сай емес және сондықтан тізімнен шығарылады. Бүгінгі күні әкімдіктер осы бағытта жұмысқа кірісті, 10 мыңға жуық адам кезектен шығарылды. Үй кезегіне үміткер болған азаматтар кезектен шығарылған кезде, тиісінше, артында тұрғандар алға жылжиды. Сонда баспанаға тезірек қол жеткізеді», - дейді Индустрия және құрылыс министрлігі комитеті басқармасының сарапшысы Самат Бекжігіт.
Министрліктің мәліметінше, соңғы 10 жылда баспана кезегінде тұрғандар саны алты есеге артқан. Бүгінде тізімде 600 мыңнан астам адам бар. Билік кезек талабына сай келмейтін азаматтарды жүйеден өшіру мәселесін цифрландыру арқылы шешуді жоспарлап отыр.
«Біз жергілікті атқарушы органдардан кезекте тұрғандардың барлығын «Отбасы банкіне» ауыстырғымыз келеді. Сондай-ақ кезекте тұрғандардың әрқайсысына жеке кабинет ашылып, қандай кезекте тұрғанын көруі үшін цифрлық жүйе жасақтау қажет. Үй бөлу кезінде заңбұзушылықтар орын алды деп наразылық танытқан тұрғындар болғандықтан, тұрғын үй комиссияларын алып тастаймыз, - деді Мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов.
Айта кетейік, мемлекет мұқтаж жандарға жалдауға немесе несиеге 25 мыңға жуық пәтер береді.