Вакциналау - коронавирустан сақтайтын жалғыз шара. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Вакциналауға тоқталатын болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1 ақпанынан бастап елімізде коронавирус инфекциясына қарсы ерікті вакциналау басталды. КВИ-ға қарсы ерікті вакциналау тек келісіммен және мемлекеттік бюджет есебінен тегін жүргізіледі. Вакциналауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, вакциналау жүргізер алдында дене қызуын өлшеумен, эпидемиологиялық анамнезді жинаумен, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеумен, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялаумен және жұтқыншақты тексерумен дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Егер температура 37°C-тан асса, вакциналау кейінге қалдырылады.
«Қазіргі таңда вакциналау алдын алудың жалғыз тиімді құралы болып табылады. Бүгінгі күні ол иммундық-профилактикамен басқарылатын инфекциядан, соның ішінде коронавирус инфекциясынан сақтайтын альтернативтік шара. Вакциналау сырқаттанушылықты төмендетуге және коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің жағдайын жеңілдетуге және тиісінше одан болатын өлімді төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Ажар Ғиният.