Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмысы орындарын және халықтың табысын сақтал қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионнан астам азаматқа азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы «Нұр-Отан» партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мыңнан астам отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен біржолғы қаржылай көмекке ие болды», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналғанын баса айтты.
«Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткізіп жатыр. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы азаматтарда еш нәрсені жасырмай, інеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.