Ішкі істер министрлігі өз үндеуінде 25 мамырда әрбір оқу орындарына полиция қызметкерлері тағайындалатынын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Құрметті ата-аналар және түлектер! 25 мамырда еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай соңғы қоңырау өтеді. Салтанатты іс-шаралар кезінде полиция қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау үшін барлық шараларды қабылдайды. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша әрбір оқу орнына полиция қызметкерлері бекітілген. Патрульдік бөлімшелер іс-шаралар өтетін орындарға барынша жақын болады. Сонымен қатар, соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, мектептерде «соңғы қоңырау» аяқталғаннан кейін ата-аналарының рұқсатымен көптеген түлектер өз бетінше іс-шараларды жалғастырады. Кәмелетке толмағандардың көлікті тізгіндеуінің қайғылы салдары да жиі кездеседі. Өткен жылы мұндай фактілер Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы қаласында орын алған. Сондай-ақ, ата-анасының бақылауынсыз көптеген балалар тыйым салынған және белгіленбеген жерлерде суға түседі. Өткен жылы Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су қоймаларының жабдықталмаған орындарында жасөспірімдердің қаза табу фактілері орын алған. Осыны ескере отырып, біз ата-аналар мен мектеп бітірушілерді қажетті мінез-құлық нормалары мен ережелерін сақтауға шақырамыз. Бұзушылықтар анықталса, дереу 102 нөміріне хабарласып, төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз», - деп атап өтті департамент басшысы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.