Көліктерін бірнеше ай бойы күткен маңғыстаулық азаматтар жақында темір тұлпарымен табысатын болды. Бұл туралы Иран Ислам Республикасындағы Мазендеран провинциясына іссапармен жүрген облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев мәлімдеді. Амирабад портының басшылығымен кездесу кезінде қазақстандықтарға тиесілі автокөліктерді жеткізу мәселесі шешімін тапты,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Иранның Амирабад портында бірнеше айдан бері БАӘ-ден тиелген он екі жаңа көлік тоқтап тұр. Осы автокөліктерді сатып алған Маңғыстау тұрғындары мәслихат депутаттарына мәселені шешу туралы өтініш білдірген еді.
«Біз Амирабад портының басшылығына азаматтарымызға көмектесуін сұрап, өтініш білдірдік. Бар мәселе БАӘ құжаттамасынан екен. Қазір мәселе шешілді. Көп ұзамай көліктер Иран портынан Ақтау портына жөнелтіледі. Порт басшылары Амал мерекесі қарсаңында автокөлік иелері нің жаңа көліктерімен қауышатынын айтып, уәде берді», - деді Жаңбырбай Матаев.