3 ақпан күні Маңғыстау облысының делегациясы Мазендеран провинциясының кәсіпкерлерімен кездесті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту, бірлескен кәсіпорындар ашу шаралары талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуге Мазендеран провинциясындағы 40 қаланың ең ірі кәсіпкерлері жиналды.
Мазендеран провинциясының сауда-өнеркәсіптік палатасының директоры Али Тагипур алдағы уақытта Мазендеран сауда-өнеркәсіп палатасының Ақтаудағы өкілдігін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
- Қазақстан нарығы біз үшін өте маңызды, экономикасына біз де қаражат салғымыз келеді. Әрі әріптестік, сауда-саттық тауар айналымды арттыруға ниеттіміз, - деді Али Тагипур.
Али Тагипур бұл өкілдік Маңғыстау облысына да тиімді болатынын айтады. Өйткені екі ел арасында жолға қойылған теңіз порттары мен темір жол, әуе қатынастары арқылы кәсіпкерлікті дамытуға негіз бар.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов сәйкесінше, Мазендеран провинциясынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдігін ашуды палата басшылығына ұсынатынын айтты. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымының артуына, сауда-саттықтың дамуына мүмкіндік береді, дейді.
- Маңғыстау мен Иран арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млн теңгені құрайды. Оның ішінде импорт (Ираннан) - 94%, экспорт - 5%. Біз негізінен Иран елінен азық-түлік өнімдерін (көкөністер, жемістер), сондай-ақ құрылыс материалдарын аламыз. Айта кету керек, Ираннан жеткізілетін көкөністер мен жемістер әзірге көп емес. Атап айтқанда, біз цитрус өнімдерін алдыруға қызығушылық танытып отырмыз. Егер баға тиімді болса, олар Маңғыстау мен Қазақстан нарығын жаулап алуы әбден мүмкін, - деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Иран елі Маңғыстауға жеміс-жидек, киви, шай, дәрілік шөптер, құрылыс материалдарын, балық өнімдерін тасымалдауға ниетті. Сондай-ақ ынтымақтастықты дамыту үшін бірлескен кәсіпорындар ашуға ықылас танытып отыр. Қазірдің өзінде Маңғыстауда Қазақстан мен Иранның бірлескен 58 компаниясы жұмыс істеуде.
- Біздің кәсіпкерлер де маңғыстаулық кәсіпкерлермен жұмыс істеуге дайын. Енді бір-бірімізді зерттеуіміз керек. Алдағы уақытта біз де Маңғыстау облысына іссапармен барамыз, - деп қосты Али Тагипур.
Айта кетейік, Мазендеран провинциясында жеңіл және ауыр машина жасау өнеркәсібі, жеңіл тоқыма өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдері, цемент өнеркәсібі қарқынды дамыған. Сол себепті кездесуге барған маңғыстаулық кәсіпкер Мұнайлы ауданынан балық шаруашылығын ашуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Иран кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізуді бастап кеткен.
- Мен Ираннан форель балығының уылдырығын сатып алып, балық өсірумен айналыссам деп отырмын. Осы жұмыс бойынша қазір Мазендерандағы кәсіпкерлермен келісіп жатырмын. Бұдан бөлек жылыжай үшін тыңайтқыш сатып алғым келеді. Өйткені Ресейден алып отырған тыңайтқыш қымбатқа түсіп тұр. Ал Ираннан сапасы жақсы тыңайтқышты арзанға алуға болады. Бұл жақтағы кәсіпкерлер де бізбен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр, - дейді Мұнайлы ауданының кәсіпкері Жеңіс Ниялұлы.
Ал Иран кәсіпкерлері Маңғыстау облысынан ет өнімдері мен бидай тасымалдауды жөн көріп отыр.
Жиын соңында екі тарап кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, яғни тасымал кезіндегі кедергілерді жойып, ақша аударымдарын оңтайлатуға қадамдар жасауға уағдаласты.