Бүгін маңғыстаулық делегация Иран Ислам Республикасының Мазендеран провинциясындағы Амирабад теңіз портына барды. Порт өкілдері Иран теңіз қақпасының артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы айтты. Сондай-ақ, жүкті қауіпсіз және жылдам жөнелту бағытында Маңғыстау кәсіпкерлерімен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Амирабад порты – жүктерді ауыстырып тиеуге қажетті барлық жабдығы және ро-ро айлағы бар Ирандағы жалғыз порт. Сонымен қатар, бұл порт елдің барлық аймағымен теміржол арқылы байланысады.
«Сондықтан біздің көпфункционалды порт арқылы жүк жібере аласыз, ал жүк осы жерден әлемнің басқа елдеріне транзитпен жөнелтіледі. Порттың артықшылығы – жүк көліктеріне арналған ро-ро айлағы. Бұдан бөлек, біз айына екі партия жіберілетін көлік транзитімен айналысамыз. Жаңа порт болғандықтан, бізде заманауи жабдықтар бар. Екі үлкен кран, алты жағалау краны, астықты ауыстырып тиеуге арналған жабдық бар. Сондай-ақ контейнерлерді тиеу-жөнелту құрылғылары, сүйрегіштер, теңіз түбін тазартуға арналған және құтқару кемелері бар. Біздің провинцияда жыл сайын 3,5 миллион тонна цитрус өсірілетіндіктен, өнімдерді Каспий арқылы ТМД елдеріне жеткізуге мүдделіміз. Қазіргі уақытта бізде 130 мұздатқыш бар, мұндай камералары бар контейнерлерге шектеу жоқ. Осы бағыт бойынша біз Ресейге 240 тонна цитрус жібердік», - деді Амирабад теңіз портының бас директоры Мұхаммед-Али Мусапур Горджи.
Соңғы 10 айда Амирабад порты арқылы 3,9 миллион тонна жүк тиеліп, жөнелтілген. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 4,1 миллион тоннаға дейін өскен. Алдағы екі айда порт жүктеп, жөнелту көлемін 4,7 миллион тоннаға дейін арттыруға дайын. Жүкті теңіз арқылы жеткізуге мүдделі маңғыстаулық кәсіпкерлер Иран порты ұсынған барлық мүмкіндікті талқылады. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов екі елдің, атап айтқанда, екі өңірдің – Мазендеран мен Маңғыстаудың қарым-қатынасы белсенді дамуға тиіс екенін атап өтті.
«Бұл екі өңір арасындағы тауар айналымды арттыруға мүмкіндік береді. Біз сіздерден ұсыныс күтеміз және өз тарапымыздан өңіріміздегі үш портпен ынтымақтастықты нығайту үшін бар мүмкіндікті жасаймыз. Саржа, Ақтау және Құрық порттары Қазақстаннан Иран порттарына жүк тасымалдауға дайын. Бұл екі елдің экономикасын және кәсіпкерлердің ынтымақтастығын дамытуға жақсы мүмкіндік», - деді Қанат Құлжанов.
Қазір Иран порты арқылы жүргізілетін импорттың да, экспорттың да көлемі өскен. Тауар айналымының жалпы көлемінде Қазақстанның үлесі 13 пайыз. Негізінен Ираннға астық пен мал азығы тасымалданады, ал цемент, металл, құрылыс материалдары, керамикалық плиткалар экспортталады. Амирабад портының Қазақстанмен тауар айналымының жалпы көлемі 2 миллион 307 мың тоннаны құрады.
«Қазақстан мен Иран президенттерінің кездесуінде Қазақстаннан Иранға 700 мың тонна астық пен 650 мың тонна арпа экспорттау жөнінде келісілген болатын. Бүгін Амирабад порты осындай көлемдегі жүкті қабылдауға дайын екеніне сендірді», - деді Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев.
Порт өкілдері 1060 гектар аумақты алып жатқан еркін экономикалық аймақтың мүмкіндіктері мен болашағы туралы айтып берді, оның 26 гектары туристік саладағы жобалар үшін ұсынылды.
«Біз сіздерді әр түрлі салада инвестор ретінде қабылдауға дайынбыз. Біз қазірдің өзінде 44 ішкі және сыртқы инвесторды тарттық. Мұнай өнімдері мен отын жобаларын жүзеге асыруға арналған 32 гектар жер бар», - деп қосты Мұхаммед-Али Мусапур Горджи.
Сонымен қатар, Амирабад портынан Қазақстанға тасымалданатын цемент көлемінің артуы жайы да айьылды. Мазендеран провинциясында бес цемент зауыты жұмыс істейді. Егер биыл Ираннан 1 миллион тонна цемент экспортталса, келесі жылы оның көлемі 1,5 миллионға дейін өспек.