2 ақпан күні Иран Ислам республикасында іссапармен жүрген маңғыстаулық делегация Мазандаран провинциясындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен балық өсіретін шаруашылықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Ромак гостар» компаниясы - Ирандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіріп, оны экспортқа шығарып отырған ірі кәсіпорын. Маңғыстаулықтармен кездескен компания басшысы өңірде қой және сиыр етіне сұраныстың бар екенін айтты. Осы орайда Иран кәсіпкерлері Маңғыстау облысына инвестиция құйып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
«Ромак гостар» компаниясының тәжірибесімен таныстық. Екі ел арасында байланыс орната алатын мүмкіндіктерді талқыладық. «Ромак гостар» компаниясы Маңғыстау облысына ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен жеткізуге ұсыныс білдіріп отыр. Құрық теңіз порты арқылы жеткізуге қауқарлы екен. Енді біздің тарапымыздан қандай өнімді экспорттай алатын мүмкіндігіміз бар екенін қарауымыз керек. Мұнда қой мен сиыр етіне сұраныс бар екен. Кәсіпкерлері біздің облысқа инвестицияға жасап, мал бордақылау жұмысын жүзеге асыруға дайын. Осы жұмыс бағытын жандандырып, қарым-қатынасты күшейтеміз, - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мазандаран провинциясында балық шаруашылығының да жақсы дамығанын айтып отыр. Оның сөзінше, провинциядағы балық шаруашылықтары бекіре тұқымдас балықтардың өнімін Қытай мен Араб елдеріне экспорттайды. Алдағы уақытта балық шаруашылығы саласында тәжірибесі мол кәсіпкерлер мен маңғыстаулық кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылмақ.
“Ромак гостар” компаниясының құрамында экспортталатын жеміс-жидекті сақтап, оны жөнелтумен айналысатын Ирандағы ең ірі терминал бар. Амирабад портына жақын орналасқан. Компанияның негізін қалаушы әрі ірі директоры Халиль Гулизаде алдағы уақытта Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.
“Біз әр түрлі ауылшаруашылық өнімдерін ТМД, Араб елдері мен Индия, Қытайға экспорттаудамыз. Қазақстанға азық-түлік өнімдерін, соның ішінде теңіз өнімдерін, көкөністерді жеткізгіміз келеді. Барлығын қорапқа салып, реттеп, экспорттауға дайындаймыз. Оны тасымалдаудың бірнеше жолдары да бар, Каспий теңізі арқылы немесе Түрікместан арқылы жеткізудің жолдарын қарастырып жатырмыз”, -деді Халиль Гулизаде.
Сапар аясында маңғыстаулық кәсіпкерлер ирандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, алдағы жоспарларын пысықтады.