Желіде Шымкент қаласында қызды алып қашқан сәттің бейнежазбасы пайда болды. Қызды күштеп көлікке салған маңғыстаулық тұрғын 12 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, жастар әлеуметтік желіде танысады. Бірнеше ай бойы олар интернет арқылы сөйлеседі. Маңғыстау облысының 22 жастағы тұрғыны қызға үйленуге шешім қабылдайды. Бірақ ол болашақ қалыңдықтың қарсылық білдіргеніне құлақ аспайды. Жас жігіт Шымкентке жол тартып, қыздың диплом алдындағы практикадан өтетін клиникасына келеді. Қыз көшеге шыққанда оны күштеп көлікке отырғызады.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына бірден кірісті. Toyota Alphard-ты ұстауға Тұран АПБ жедел уәкілдері жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде автокөлік Жалағаш ауылы ауданындағы Алматы-Самара тас жолында ұсталды.
Ер адам қолға түсіп, тергеу амалдары жүргізілуде.