«Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС «West Oil Software» ЖШС қызметкерлерінің техниканы жаңарту және «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС компаниясының штатына ауыстыру туралы талаптарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«West Oil Software» ЖШС қызметкерлері мекеме басшылығына «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС штатына ауыстыру, еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін (ЕСОТ) енгізу және көлік пен арнайы техниканы жаңарту туралы талаптар қойған. Аталған талаптарға байланысты Астанада 1 қараша күні «West Oil Software» ЖШС (бұдан әрі - WOS) бір топ қызметкері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі - ҚМГ) басшылығымен және ҚР Энергетика министрлігінің өкілдерімен кездесті.
Сондай-ақ 2023 жылы 6 қарашада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (бұдан әрі - ММГ) компаниясының Жетібай кен орнында WOS компаниясының 60 қызметкері, ҚМГ басшылығы, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР ЕХӘҚМ қарасты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің өкілдері, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС (бұдан әрі - ОТК) және WOS басшыларының қатысуымен тағы бір кездесу өткен.
WOS – ОТК мүлкін сенімді басқаруға алып, ММГ компаниясының Жетібай кен орнында көлік қызметтерін көрсетеді.
Дауды реттеу және проблемалық мәселелерді шешу мүмкіндігін қарау мақсатында қызметкерлердің, кәсіподақ және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен еңбек төрелігі құрылды. Биылғы жылдың 16 қарашасында еңбек төрелігінің соңғы отырысы өткізілді.
Отырыс нәтижесі бойынша көлік техникасын жаңарту туралы талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Дегенмен штатқа ауыстыру және Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін (ЕСОТ) енгізу туралы талаптар қанағаттандырылмайды. Себебі бұл сұрақтар еңбек дауының негізі болып есептелмейді және оларды шешу жұмыс берушінің құзырында емес.
- «ОТК» ЖШС штатына ауыстыруға қатысты талапты орындау мүмкін емес. Себебі еңбек шарттары тараптардың келісімі бойынша бұзылған. Тараптардың келiсiмi бойынша өтемақы төлеу арқылы еңбек қатынастарын бұзған бұрынғы қызметкерлердi керi қабылдау үшiн заңнамалық деңгейде қандай да бiр негiз жоқ. WOS қызметкерлерін штатқа қабылдау халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы тиісті заңнамалық актілерге сәйкес өңірдегі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру тәртібін бұзатынын ескеру маңызды,- делінген «ОТК» ЖШС хабарламасында.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл талапты орындаудың салдары ОТК шығындарының ұлғаюына және оның салдарынан компанияның банкротқа ұшырауына әкелуі мүмкін.
Ал еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі (бұдан әрі - ЕСОТ) – ҚМГ-ға қарасты еншілес компанияларда қолданылатын ішкі жүйе. Бұл жүйе ҚМГ компаниялар тобына кірмейтін ұйымдарда қолданылмайды. Осыған байланысты WOS ұйымына ЕСОТ жүйесін енгізу мүмкін емес.
- Қазіргі уақытта ҚМГ-ның Маңғыстау облысындағы 13 еншілес компаниясына жеке мердігер ұйымдар арқылы 17 000-нан астам адам қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның ағымдағы қаржылық жағдайында WOS-та жалақы қорының өсуі айтарлықтай шығындарға әкеледі,- деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ компанияның берген жауабында қазіргі уақытта WOS-тың арнайы техника паркін жаңарту маңызды және өзекті мәселе екені айтылған. 2023 жылы 16 бірлік техника сатылып алынып, WOS-қа сенімгерлік басқаруға берілді, 1 бірлік қазіргі кезде сатып алынуда. Келесі 3 жыл ішінде 202 техника бірлігін жаңарту бағдарламасы әзірленген (2024ж. – 70 бірлік, 2025ж. – 70 бірлік, 2026ж. – 62 бірлік). Арнайы техниканы жаңарту бойынша 2024 жылға арналған іс-шаралар қабылданды.
Соынмен қатар материалдық-техникалық базаны жаңарту мәселесі қарастырылуда. 2023 жылы ОТК «ҚМГ-Инжиниринг» ЖШС-мен Жетібай кен орнындағы өндірістік базаны жаңғырту және қайта жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шарт жасақтады. 2024 жылы тендер жариялау және құрылыс жүргізу бойынша шарт жасақтау жоспарлануда. 2026 жылға дейін жабық тұрақ, автожуу, жазғы шатыр, өндірістік және әкімшілік үй-жайларды қайта жасақтап, жаңғырту, гараж аумағын асфальттауды қамтитын жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетсек, 2017-2018 жылдары ОТК-ның жекелеген қызметкерлері тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын мерзімінен бұрын тоқтату бағдарламасын (5/50 бағдарламасы) пайдаланған еді. Бұл бағдарлама бойынша жұмысшылар бес жылғы мерзімде берілетін жалақысының 50%-ы мөлшерінде ақшалай өтемақы алды. Оның ішінде ОТК-ның бұрынғы 517 қызметкері WOS-қа жұмысқа орналасты. 01.10.2023ж мәлімет бойынша WOS-та ОТК-ның бұрынғы 454 қызметкері жұмыс істейді. Сол кезде WOS штатына ауысқысы келген жұмысшыларға бес жыл бойы жұмыс орнының сақталуына, белгілі бір деңгейдегі жалақыға және ең төменгі әлеуметтік пакетке кепілдік берілді. Ауысу кезінде орташа жалақы 235 650 теңге болды. 2021 жылдың қыркүйегінде WOS қызметкерлерінің жалақысы 36%-ға өсіп, орта есеппен 332 975 теңгені құрады. Сондай-ақ әлеуметтік пакеттегі көмек түрі 2-ден 18-ге дейін артты. Жыл сайын жалақыны индекстеу енгізілді. 2022 жылы орташа жалақы 652 596 теңге деңгейінде болды және әлеуметтік пакеттегі көмек түрі 18-ден 30-ға дейін арттыру туралы Ұжымдық шарт жасалды. 2023 жылы WOS өндіріс жұмыскерлерінің орташа жалақысы 735 616 теңгені құрады,- делінген компанияның ОТК-дан WOS-қа ауысу туралы талапқа қатысты жауабында.