Бүгін Ақтауда ҮЕҰ «Zhas Дәурен» ЖММ жобасы цифрлық сауаттылық тақырыбы бойынша өткізген курстық сабақтарының қорытынды есебін беріп, дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҮЕҰ «Zhas Дәурен» ЖММ – «Нұрсұлтан Назарбаев қорының әлеуеттік жәрмеңкесінің «Құқық, денсаулық және коммуникация – қазіргі әлемнің орнықты дамуына бағдарлар» санатындағы әлеуметтік жобаның иегері.
Жоба иегерлері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындарына арналған оқулар ұйымдастырып, қазан-қаңтар айлары аралығында «Мобилография және SMM», «ҚР Мемлекеттік сатып алу тендерлер», «Жаңадан бастап оқуға арналған компьютерлік сауаттылық», «EGOV электрондық үкімет порталымен жұмыс істеп үйрену» бағыттары бойынша курстар өткізіп, тегін оқытқан. Жоба курстарына биыл 50-ге жуық адам қатысқан.
- Былтыр біз осы жобаны ұтып алған болатынбыз. Жобаның атауы – Цифрлық сауаттылық. Жобаға қатысқан себебімізге тоқтала кетейін. Мен Мұнайлы ауданының тұрғыны болған соң, үйде жұмыссыз отырған көпбалалы әйелдер, мүмкіндігі шектеулі адамдар бар екенін білетінмін. Сол жандардың сұранысы бойынша, бізге осы идея келді. Цифрлық сауаттылық жобасында 4 санат бойынша оқыттық, - деді «Zhas Дәурен» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Ахметова.
Жобаның мақсаты – мүгедек жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар өз уақыттарын тиімді пайдалануы, жеке және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруі үшін, еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи технологияларды қолдана отырып, курстар өткізу.
- 4 санат бойынша оқытылған курстар аяқталған соң қатысушыларға сертификат табыстадық. Яғни, курсқа қатысушылар дайындалған мамандықтары бойынша оқып, аяқтады деген сертификат алып шықты. Жобаның басталғаны туралы «Zhas Дәурен» жобасының әлеуметтік желідегі парақшасына ақпарат жарияладық. Бұдан бөлек, Мұнайлы ауданы әкімдігінің сайтына жарияланып, көп адамдар хабарласты. Қатысатын адамдардың тізімі жасақталған соң, қазан айынан бастап сабақ курстарымызды бастап кеттік. Курс қаңтар айына дейін оқытылды, - деді «Zhas Дәурен» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Ахметова.