Желтоқсан айының соңында Маңғыстаудағы Қаракөлде аққулардың жаппай қырылуы қоғамда үлкен мәселеге айналғаны белгілі. Кейін құс өлімі тоқтап, Rixos Aktau қонақүйі көлге қалдық су жіберіп отырған құбыр жүйесі салынған айыппұлдан кейін біржола алынып тасталды. Мangystaumedia.kz тілшісі құстардың өліміне қалдық судың қаншалықты әсер еткенін мамандардан сұрап көрді.
Маңғыстауда аққулардың жаппай қырылуынан кейін өңірде үй құстарын егу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл туралы өңірлік ветеринария басқарсының басшысы Бердібек Мархабаев мысал келтірді. Оның сөзінше, вирустың алдын алу үшін облыста үй құстарын егу жұмыстары жүргізіліпті.
«Маңғыстау облысы бойынша үй құстары арасында ЖПҚТ тіркелген жоқ. Профилактикалық жылдық жоспарға сәйкес 6000 және жабайы аққулардан ЖПҚТ анықталуына байланысты 6957 бас үй құстары егілді», - деді Бердібек Мархабаев.
ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов мәселе назардан тыс қалмай жыл бойы зертханалық жұмыстар тоқтамауы керек деп санайды. Құс тұмауы мен қалдық судың байланысы осыдан кейін ғана белгілі болмақ.
«Қаракөлде құстардың өлімі тоқтағанына біраз уақыттың жүзі болды. Оның себебі ретінде құс тұмауынан екені анықталды. Дегенмен, құс тұмауы мен Rixos Aktau қонақүйінің арасында тікелей байланыс жоқ. Ол ұзақ мерзім бойы зерттеуді қажет етеді. Тұрақты мониторинг жүргізіліп тұруы тиіс. Қаракөл суының химиялық құрамы зерттеліп, апта сайын үзбей су алынып, нәтижелері айтылуы керек. Қорытындынсы жұртшылыққа қол жетімді болса, бәрі анық көрініп тұрар еді. Бір жыл бойы тұрақты зерттелгенде ғана екі жағдайдың өзара байланысын анықтауға болады. Себебі, қазір көлге құйылған қалдық судан құс тұмауы пайда болды деп ешкім айта алмайды. Сонымен қатар, тек Rixos Aktau қонақ үйі ғана емес, Қаракөлдің жағалауында елуге тарта демалыс базалары бар деп естиміз. Солардың барлығын жіті тексеруді ұмытпау керек, - деді эколог Әділбек Қозыбақов.
Желтоқсан айының 19-нан қаңтар айының соңына дейін Қаракөлде қырылған аққулар саны 1200-ден асты. Олардың өлексесі толық жиналып, арнайы крематорийде жою жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, көлге қалдық су ағызып келген қонақ үй әкімдігіне облыстық экология департаменті тексеру жүргізіп, 4 млн теңге көлемінде айыппұл салған еді.