Бүгін Ақшұқырда орналасқан «Kazakh osseter» ғылыми өндірістік кәсіпорнына» барып, бекіре тұқымдас балықты жасанды өсіру процесімен танысып қайттық.
Маңғыстауда бекіре тұқымдас балықтарды жасанды жолмен өсіру бұдан 5 жыл бұрын қолға алынған болатын. Алғаш рет іске қосылған кәсіпорын қазіргі таңда 30 тоннадан аса бекіре тұқымдас балықты нарыққа шығарып отыр.
Мамандардың айтуынша, көктем мезгілі балықтарды қолдан ұрықтандыру үшін қолайлы. Алдымен бекіре тұқымдасына жататын сүйрік балықтың жетілу кезеңін анықтап, уылдырыған алу үшін УЗИ-сканерлеу және биопсия жүргізіледі. Уылдырық алынған соң «құрғақ тәсіл» арқылы ұрықтандыру кезеңі басталады.
«Уылдырықтың үстіне аталық сүтін құйып еппен араластырамыз. Әрі қарай су құйып уылдырықты қолдан ұрықтандырады. Бұл кезеңдерден өткеннен кейін астына су ағыны қойылған арнайы аппаратқа саламыз. Содан соң инкубаторға салынған уылдырықтан шабақ шыққанға дейін бақылаймыз», - дейді «Kazakh Osseter» ҰКП ЖШС мамандары.
Инкубациялау процесі өткеннен соң шабақтар арнайы бассейндерге жіберіледі.
«Елде бекіре тұқымдас балықтардың саны азайып, уақыт өткен сайын жойылу қаупі күшейіп жатыр. Осы орайда балықтарды көбейту мақсатында қолдан ұрықтандыру, жасанды жолмен өсіру жұмыстарын жүйелі әрі тұрақты жүргізіп отырмыз. Ендігі мақсат – 60 тоннаға дейін балық өсіру, сонымен қатар уылдырық өндіріп, ішкі және сыртқы нарыққа шығару», - дейді «Kazakh Osseter» ҒӨК» ЖШС директоры Тұрсынкүл Жакипова.
Балық та баққанға бітеді. Балық шаруашылығын өркендетуді қолға алған компания басшылығының айтары да осы. Балықтан балық шығару оңай емес, сондықтан да білікті мамандардың тәжірибесі маңызды болып отыр. Өнімнің сапалы әрі құнарлы болуы үшін қазір алыс-жақын шетелдік мамандармен байланысып, елдегі «Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» мамандарымен бірлесе жұмыс істеуде.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН