Жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Алик Шпекбаевтың шешімімен республикалық ақпараттық-ағартушылық штабы құрылған болатын. Штаб құрылған қысқа уақыт ішінде оның құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастық өкілдері, сондай-ақ елге жанашыр белсенді азаматтарқосылды. Бүгінгі таңда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты қалыптастыру маңызды міндетке айналып отыр. Маңғыстау өңіріндегі ақпаратық-ағартушылық штабы Антикор орталығы алаңында ауқымы үлкен бастамалар туралы арнайы баспасөз брифингін өткізді.
Баспасөз мәжілісіне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Серік Қаныбеков, ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Айсұлу Дутбаева, штаб мүшелері Зарета Фаталиева, Әлия Телеуғали қатысып, штабтың мақсат-міндеттерін баяндап берді.
«Құрметті әріптестер, республика көлемінде ақпараттық-ағартушылық штабтың жұмыстарынан хабардарсыздар. Республикалық штабқа белгілі қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада жетекшілік етеді. Оның құрамында Арман Бердалин, Ермек Тұрсынов, т.б. қоғамға белгілі азаматтар бар. Біздің облыста да штаб жақсы жұмыстар жүргізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан бірнеше институттар құрылған. Бірақ біз агенттік мойнындағы жүкті, яғни жауапкершілікті ақпараттық-ағартушылық штабына, Арнайы мониторингтік топқа немесе «Адалдық алаңы» кеңсесіне жүктемейміз. Қазір құқыққорғау органдарының ішінде қоғаммен тығыз байланыста жүрген осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі деп айта аламыз. Біз өз жүгімізді өзіміз көтереміз. Қылмысты қудалау шараларына қатыстырмаймыз. Ол міндеттерді өзіміз орындаймыз. Бұл жердегі мақсат – қоғам мен құқыққорғау органы байланысын орнату, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Посткеңестік елдер арасында алғаш болып 1998 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы заң қабылданды. Сол заң 2015 жылы жаңарып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» деген норма енгізілді. Мәдениеттің әртүрін білесіздер. Бірақ осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай қалыптастырамыз? Парасаттылық ұғымы деген не? Осы сұрақтарға қоғаммен бірлесе жауап іздеу мақсатында осындай институттар құрылды. Агенттік жанындағыбұл институттардың жұмыстары бір-бірін қайталамайды. Мониторинг деген – қоғам мен қоршаған ортада болып жатқан құбылыстар мен әрекеттерге сырттай бақылау жүргізу. Арнайы мониторингтік топтың өзі белгілі бір мекемеге барып қандай да бір құжаттарды талап ете алмайды. Өйткені ол тексеру жұмысына айналады. Топтың міндеті – тексеру емес, бақылау жүргізу. Ол қалай жүргізіледі? Бақылау нақты бір мекемеде болып жатқан олқылықтар мен кемшіліктерді айтып, қоғамның назарын аудару, мемлекеттік билік институттарына орын алған мәселелерді көтеру. Қазірдің өзінде Антикор орталығы азаматтарды қабылдайтын орынға айналды. Күн сайын қаншама азаматтар келеді, көптеген маңызды мәселелер талқыланады. Ақпараттық-ағартушылық штабы үшін осы орталықта қай кезде болса да жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Қысқа мерзімнің ішінде штаб құрамына елімізге жанашыр азаматтарды жиналды. Қоғам игілігі үшін осы жұмыстарды бірлесе жүргізуге қуаныштымыз», - деді Серік Қаныбеков.
«Ақпараттық-ағартушылық штабтың ашылғанына үш ай уақыт болды. Осы аралықта атқарылған жұмыстар ауызбіршіліктің, қоғам болып бірлесе әрекет етудің арқасында оң нәтиже беріп жатыр. Департамент жанынан бірнеше институт құрылғаны белгілі. Ақпараттық-ағартушылық штабтың осыған дейінгі құрылымдардан айырмашылығы неде деген сұрақтар да туындайды. Штаб туралы арнайы ереже қабылданды. Ақпараттық-ағартушылық штабты құрудың маңызы зор деп білемін. Қазіргі таңда халық пен мемлекеттік органдар арасын байланыстыратын көпір керек еді. Штаб негізгі бағыты – ақпараттық-ағарту жұмыстары. Міндеті – агенттіктің, Антикор орталығының жұмыстары мен қызметтерін кеңірек насихаттау, халыққа жеткізу. Антикор орталығы немен айналысады, қандай жұмыстар жүріп жатыр, осының барлығын штаб мүшелері кездесу-жиындарда айтып, баспасөз беттерінде жариялайды. Штаб ашылған кезден бастап үлкен қолдау білдірген департамент басшысының орынбасары Серік Маханбетәліұлына алғысымды білдіремін. Қазіргі уақытта штаб құрамында 18 адам бар, бірақ мұнымен шектеліп қалмайды, қоғамдағы белсенді азаматтарға есігіміз әрқашан ашық», - деп атап өтті ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Айсұлу Дутбаева.
Брифинг барысында штаб мүшелері өз ойларын ортаға салып, жаңа құрылымның жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Қазір – ақпараттың заманы. Интернетте ақпараттың көптігінен оның ақ-қарасын ажырату оңайға соқпайды. Осы орайда ақпараттық-ағартушылық штаб сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысы мен қызметтерін халыққа жеткізуде үлкен міндет арқалап отыр. Штаб құрылған қысқа уақыттың ішінде интернет сайттарда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ басылым беттерінде осы департаментте өтіп жатқан шараларды кеңінен жариялап, насихаттауға күш салдық. Сондай-ақ штабтағы қоғам белсенділерінің қатысуымен әртүрлі шаралар өткізіліп жатыр. Кейбір адамдар штаб департаменттің жұмысын атқарады ма деген де сауал қояды. Штаб қандай да бір тексеру, жазалау жұмыстарымен айналыспайды, қоғамдық топ заң нормалары мен агенттік жұмыстарын түсіндірумен айналысады. Бір сөзбен айтқанда қоғам мен мемлекет арасын жақындатуға атсалысады. Жемқорлық әрекеттеріне қарсы нақты іс-қимыл мен қызметтерді аталған агенттік пен оның облыстағы департаменті атқарады. Осының ара-жігін біле жүрсек», - дейді штаб мүшесі Әлия Телеуғали.
Ал өңірге белгілі кәсіпкер, «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева жемқорлыққа қарсы күрес бизнес қауымдастығы өкілдері үшін өте маңызды екеніне тоқталып, штаб мүшесі ретінде бұл бағыттағы жұмыстарға белсене атсалысуға әзір екенін жеткізді.
«Мен сүт және нан зауыттарының директорымын. Сондай-ақ республикалық ақпараттық-ағартушылық штабына қосылдым. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта кәсіпкерлер жемқорлық әрекеттерімен жиі бетпе-бет кездеседі. Бұл негізінен тендерлер өткізу кездерінде байқалады. Штаб мүшесі ретінде кәсіпкерлікке тұсау болатын осындай келеңсіздіктерді болдырмауға үлесім тиеді деген ойдамын. Бұл бастама өңірдегі, сондай-ақ еліміздегі кәсіпкерлікті тиісті деңгейде дамытуға зор көмегін тигізеді», - деді З.Фаталиева.
«Біздің қозғалыс жемқорлық, елдің, халықтың жағдайына байланысты мәселелерді көтеріп жүр. Жемқорлыққа қарсы күрес – баршаның міндеті. Елімізде, қоғамда көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Оның болуы да заңдылық. Біз алға қарай дамуымыз керек, демократиялы қоғам қалыптастыру жолында бәріміз де аянбау күресуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысын қоғамға етене таныстырып, халыққа жеткізетін орталықтар мен институттардың құрылуы құптарлық іс. Сол себептен бұл бастамаларға қолдау білдіремін», - деді ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесі, «Парасат» қозғалысының төрағасы Данияр Аралбай.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Серік Қаныбеков әлемдеәр мемлекеттің сыбайлас жемқорлық деңгейін, яғни индексін есептейтін Transparency International деген халықаралық ұйымбар екенін, сол арқылы әлем елдерінің жемқорлықдеңгейі анықталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралықұйым әлемдегі 13 талдау агенттігінің ақпараттарына сүйене отырып талдау жасайды. Соның 9-ы біздің елімізде жұмыс істейді екен.
«Халықаралық ұйым осы агенттіктерден жыл сайын ақпарат жинайды. Өткен жылы әлеуметтік және бизнес блоктар арасында жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексінде 124-тен 113-ке көтеріліп, 11 сатыға жоғарылаған. Ал бұл көрсеткішке осындай қоғамдық институттардың құрылуының және халықтың, қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысуы арқасында қол жетіп отыр. Міне, талдау агенттігі осыны есепке алады. Мәселен, «Адалдық алаңы» институты неден пайда болды? Бұл ең алғашында 2018 жылы 5 қазанда Елбасының Жолдауында айтылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы оң тәжірибе байқалды, жоба жемісті болып, бүкіл республикада жұмыс істеуге көшті. Арнайы мониторингтік топтар да дәл солай. Ақпараттық-ағартушылық штабы да тап осы жолмен құрылып отыр. Осындай жобалардың арқасында Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексін неғұрлым төмендеткені дұрыс. Өйткені халықаралық инвесторлар мен бизнес қауымдастық бір мемлекетке барып инвестиция құйып, бизнесін құру үшін жоғары атап өткен халықаралық талдау агенттігінің мәліметтерін назарға алады екен. Сол себепті, менің ойымша, ақпараттық-ағартушылық штабтың жұмысы өлшеусіз. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыра білсек, он адамның біреуінің ойын түзеуге үлес қоссақ – үлкен жеңіс», - дейді Серік Қаныбеков.
Маңғыстау облысының кәсіподақтар бiрлестiгiнiң төрағасы, ақпараттық-ағартушылық штаб мүшесі Мейіржан Туманов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жанынан құрылған институттардың қоғам дамуына ықпалы үлкен болатынын айтып, бұл індетпен күрес бұқаралық сипат алуы тиістігін тілге тиек етті.
«Жемқорлық – қоғамның індеті. Көп елдер бұл дағдарыстан өтті. Қазақстанның өткен посткеңестік мемлекеттер ішінде бірінші болып сыбайлас жемқорлық туралы заң қабылдауында үлкен мән бар. Бұл індетке қарсы қол қусырып отырмайтынымызды, біздің нақты көзқарасымызды білдіреді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша кәсіподақтар ұйымында 80 мыңға жуық адам бар. Оның саны күннен күнге көбейіп келеді. Неліктен? Жанайқайын айтатын жұмысшылардың баратын жері болмай тұр. Енді, осы алаңға келсе, көп мәселелер оң шешіледі, болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын. Біз қоғамдағы келеңсіздіктерді жасырмауымыз керек. Керісінше сол кемшіліктерді жоюға бірауыздан жұмыла күрескеніміз жөн. Жемқорлық әрекеттерін анықтау үшін осындай алаңдар ашылып жатқаны қуантады», - деді М.Туманов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің қоғамда белсенді жүргізілуіне ықпалдасу бағытында құрылған Маңғыстау облысы бойынша ақпараттық-ағартушылық штаб құрамына өңірге белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері мен бизнес қауымдастық өкілдері енген. Атап айтар болсақ, журналистика ардагері Мейрамбай Қибасов, қоғам белсендісі Амалбек Имаш, Ш.Есенов атындағы КМТИУ жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының филиал жетекшісі Маржан Шамиева және Республикалық адвокаттар коллегиясы президиумының мүшесі, белгілі адвокат Радик Өмірболатов, «Берекет-Ф» ЖШС бас директоры Зарета Фаталиева, «Маңғыстау» телеарнасының басшысы Бекзат Жүсіп, сондай-ақ «Сбербанк» АҚ филиал директоры Данияр Утюгенов пен «Болашақ» бағдарламасының түлегі Марат Себасов бар.
Жайық НАҒЫМАШ
Cуреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН