Мұсылман баласы үшін құрбан шалу Алланың әмірі. Құранда Алла былай деп бұйырған: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусәр сүресі).
Адамның құлшылық ниетімен жасаған әрбір амалы тек өзі үшін. Құрбан шалу да осындай құлшылық. Бірақ құрбандықты жағдайы келген адам ғана шалады. Мүмкіндігі шектеулі пендеге міндет емес.
Құрбандық малды шын ықылас-ниетімен шалғанда ғана Алланың мейіріміне бөленеді. Әрбір мұсылманның бұл өмірдегі мақсаты Жаратушының разылығын алу әрі Оның мейір-шапағатына бөлену болғандықтан құрбан шалғанда ниет дұрыс болуы тиіс. Алла тағала біздің шалған құрбандығымыздың ағызылған қанына немесе етіне, терісіне, мұқтаж емес, тек ниетіміз маңызды. Құранда бұл жайында былай деп ескерткен: «Олардың еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Саффат сүресі, 107-аят).
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде осы мәселеге қатысты былай дейді: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» (Тирмизи). Демек, құрбан шалу кезінде біздің шынайы ниетіміз бен амалымыздың үйлесімдігі қажет. Көрер көзге, біреу айтсын, ой пәленше құрбан шалыпты, деген ниетпен шалынатын болса, одан сауап болмайды, керісінше күнә болмақ.
Мұсылман пенде шын ниетімен құрбан шалу арқылы шексіз сауапқа кенеледі. Яғни, шалған құрбан терісіндегі әрбір қыл үшін сауап жазылады. Бірде ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) сахабалары былай деп сұрақ қояды:
-Ей, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?
Пайғамбарымыз:
-Құрбандық сендердің Ибраһим бабаларыңнан қалған сүннет,- деді.
-Одан бізге қандай сауап бар?
Пайғамбарымыз:
-Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.
Сахабалар:
-Қойдың жүнінен ше?
-Қойдың жүнінің әрбір тал қылшығына да сауап жазылады,-деп жауап берді (Ибн Мажә).
Құрбан шалу Ибраһим пайғамбардан қалған сүннет. Риуаят бойынша Ибраһим пайғамбар бірде көп малды құрбандыққа шалады. Сонда Ибраһим пайғамбардың мұншалықты қолы ашық екеніне таңданған жерлестері: «Әй, Ибраһим! Сен неткен жомарт едің. Осыншама малды құрбандыққа шалу ешкімнің қолынан келмейді»,-дегенде, Ибраһим пайғамбар: «Бұл Раббымның маған берген нығметі. Егер де, ұлым болғанда оны да Раббым үшін құрбандыққа шалар едім»,-дейді. Ол кезде Ибраһим пайғамбардың перзенті жоқ еді. Арадан жылдар өтіп, Исмайыл атты ұлы дүниеге келеді. Исмайыл шамамен тоғыз-он жасқа таяған шағында Ибраһим пайғамбар бір күні түсініксіз түс көреді. Түсінде: «Тұр! Уәдеңді орында»,-деп аян береді. Ибраһим пайғамбар түстің мән-жайын түсінбейді. Өйткені, уақтында берген сөзін ұмытып кеткен еді. Ертесі күн осы жайт тағы қайталанғанда барып, ұлым болса оны да құрбандыққа шалар едім деген уәдесі есіне түседі. Міне сол түсіндегі берілген аянды түсініп, ұққандығы үшін бұл күнге «білді, түсінді, ұқты» мағынасын білдіретін «арафа күні» деп аталып кетті.
Арафа күні біздер үшін де маңызы бар. Бұл күні нәпіл ораза ұстауға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында былай деген: «Арафа күні ұсталған оразаның бұрынғы және келешектегі бір жылдық күнәлардан арылтатыны Алладан үміт етілген» (Ахмед б. Ханбәл риуаяты).
Ибраһим пайғамбар айтқан уәдесін орындамақ болып, ұлы Исмайылды тау басына апарады да, нәзік тамағына алмастай өткір пышағымен тартып қалғанда, Алланың әмірімен пышақ өтпей қалады. Тағы бір-екі рет тартқанымен пышақ өтпейді. Сол сәтте Жәбірейіл періште жәннәттан көк қошқар алып түседі. Алла Тағала пендесі Ибраһимнің сынақтан сәтті өткендігі үшін бауыр еті жалғыз ұлын сойдырмастан, орнына көк қошқарды тарту етеді. Ибраһим пайғамбар Алланың көрсеткен кеңшілігі үшін шүкір етіп, жәннәттан түскен қошқарды құрбандыққа шалады. Осылайша құрбан шалу Ибраһим пайғамбардың сүннеті болып, өз жалғасын тауып келеді.
Бұл күн тек құрбан шалу күні ғана емес, ислам дінінің бесінші парызы болған қажылықты өтеу күні. Қажылық құлшылығы тек қана Мекке қаласында өтеледі. Құрбан айт күнінде милиондаған мұсылман Мекке топырағына барып, Аллаға мінәжат жасап, Қағбаны тауап етеді. Милиондаған қажылар өз құлшылықтарын Меккеде өтеп жатқанда, біздер де мұнда айт күндері құрбандығымызды шалып, өз мінәжатымызды орындаймыз.
Құрбан шалу күнәміздің кешірілуіне себеп болатын ғибадат. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Ей, Айша! Құрбан шал және оны куә ет, жерге аққан бір тамшы қан үшін Алла сенің өткен күнәларыңды кешіреді. Айша: Ей, Алланың Елшісі! Бұл бізге ғана ма, әлде бүкіл мұсылмандар үшін де осындай ма?–дегенде, Пайғамбарымыз: Бізге және бүкіл мұсылмандарға»,-деп жауап қатты.
Шалған құрбандықтың етін үшке бөліп, бір бөлігін өз отбасына алып қалуына болады, ал екі бөлігін көршіге, жағдайы төмен отбасыға беру сауап. Құрбандық малдың терісін үйінде алып қалуына болмайды. Оны да беріп жіберу керек немесе сатып, ақшасын жағдайы төмен жандарға садақа ретінде беру керек.
Құрметті ағайын! Тәуелсіздігіміздің арқасында құрбан айт күнін мереке етіп тойлауымыз үлкен жетістік әрі өскелең ұрпаққа имандылығымызды үйретер мүмкіндік. Олай болса, әрбіріміз жағдайымызға қарап құрбан шалайық, өзгелерді айт мерекесімен құттықтап, өкпе назымызды кешірейік, шалған құрбандығымыздың етін жағдайы төмен отбасыларға таратып сауапты іске ұмтылайық.
Айт құтты болсын ағайын!
Смайыл СЕЙТБЕКОВ, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы.