Менің атым – Есжан. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысымын. Осы жазғы демалыс мен үшін өте ерекше болды. Өйткені, мен Ақтау теңіз портында жұмыс істедім. Қалай дейсіз ғой? Ендеше кеттік.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының аймақтардағы 20 мектебі жазғы демалыс кезінде жыл сайын «Балаңызды жұмысқа алыңыз» деген бір күндік әлеуметтік жоба ұйымдастырады. Бұл жоба - балалар ата-аналардың еңбегін, қызметін, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіну мақсатында, сондай-ақ өндіріс өмірін тәрбиеленушілерге көрсетуді мақсат тұтады. Алғашында, кураторымыз өндіріске баратындығымыз туралы айтқанда, «не үшін?», «онда не істейміз?» деген сұрақтар туындады. Бір жағынан қызық естілді. Жобаны жүзеге асыру үшін теңіз порты басшылығының келісімін алу керек болды. Мен ата-анамның жұмысынан гөрі ағамның жұмысына барғым келді. Өйткені үлкен ағам Асылбек Теңізбаев «Ақтау және Баутино порттарының теңіз әкімшілігі» Республикалық Мемелекеттік мекемесінде портты қадағалау инспекторы болып қызмет етеді. Кішкентайымнан үлкен кемелердің портқа келуін қатты көргім келетін. Ағаммен және оның басшылығымен келісіп, мен Қазақстандағы жалғыз халықаралық теңіз сауда портындағы жұмысты қадағалау инспекторының көмекшісі болып шыға келдім.
Порт инспекторы не істейді?
Ақтау теңіз сауда порты стратегиялық аймақ болып есептелетінін сіздер жақсы білерсіз, құрметті оқырман. Яғни, ол жерге сырттан келген адам арнайы рұқсат қағазынсыз өтпейді, қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады. Осыған байланысты портқа келгенде, ең алдымен, маған арнайы рұқсат қағазын жазып беріп, кейін бірден өндіріс орнына арналған каска мен арнайы форма берді. Ағам: «бұл сенің қауіпсіздігің үшін керек»,- деді, - басыма касканы кигізіп жатып. Бұл сөздердің мәнісін порт территориясына тап болғанда түсіндім. Үлкен аймақта ірі-ірі кемелер тұр. Порт ішінде әрі-бері өтіп жатқан вагондар. Барлық адамдар формамен, каскамен жүр. Контейнерлер жиналып тұр. Бір сөзбен айтқанда таң ертемен жұмыс қызып жатыр. Сөйтсем, бұл жердегі жұмыс осылай 24 сағат бойы жалғасады екен. Қазақстанның жалғыз халықаралық теңіз сауда портына тауарлар Әзірбайжан, Ресей, Ираннан тасымалданғандықтан бұл жерде жүкті барынша тез босатып немесе тиеп, келесі кемеге орын дайындап қою қажет. Үлкен кемелерді көргенде таң-тамаша болдым. Еңбектенген адамның қолынан алып дүниелер келетіндігін, білімнің арқасында осындай жетістіктерге жетуге болатындығын көзіммен көріп, сенген күн болды.
Тамсана аралау жақсы ғой әрине, бірақ, жұмыс күтпейді. Жан-жағыма қарап тұрғанымда, ағам іске кірісіп кетіпті. Оның мұнда жұмыс істегеніне екі жыл. Осыған дейін Әскери теңіз күштерінің қатарында қызмет жасаған. Өзіңіз байқағаныңыздай өмірінің барлығы теңізбен байланысты. Қолына қағаздарын алып алдымызда тұрған танкерге жүре бастады. Мен де артынан ердім. Кемеде «Astana» деп жазу бар. Кеменің ішін аралай бастадық. Ағамнан не істеп жүргенімізді сұрадым. Ол өзінің мамандығы жайлы айта бастады.
Портқа келетін ең үлкен кеме
Ағамның айтқандарын мұқият тыңдап, тапсырғандарын орындай бастадым. Оның айтуынша, инспекторлар барлық кемелерді тексеру үшін ауысыммен жасайды. Бір кішкентай танкерді тексеру үшін 5-6 сағат уақыт кетті. Жаңа «жұмысыма» үйренісіп жүргенімде түскі уақыт болып қалыпты. Ағаммен бірге жүріп, порт асханасынан ас іштік. Түстен кейін тағы да танкерлерді тексеру жұмыстары жалғасты. Біраздан соң Каспийден біздің портқа «Astana» танкерінен екі-үш есе үлкен кеме келіп тоқтады. Сөйтсем «Shahdak» атты кеме Ақтау портына келетін паромдардың бірі екен. Қазақстаннан әртүрлі тауарларды экспортқа шығарумен айналысады. Кеменің қасында тұрғанда өзімді құмырсқа сияқты сездім. Ол өзіне 50-60 астам вагон және 50-ге жуық адам сыйғыза алады. Әр адамның өз қызметі бар. Мысалы: кейбіреуі капитанға көмектеседі, кейбіреуі тамақ пісіреді, ал кейбіреуі жүктердің дұрыс тұрғанын тексереді. Мен кеменің капитандық мостигінде болдым. Сол жердегі көрінетін көрініс ұмытылмастай әсер қалдырды. Алдыңнан тек қана көк теңіз көрінеді, тіпті көкжиек пен теңіздің астасқан тұсын байқамай қаласың. Біз 7-8 сағат ішінде бұл кемені де тексеріп шықтық. Күн бата ағамның қатты шаршағандығын байқадым. Өзім де кеменің ішін аралаймын деп аяғым ауырды.
Қазақстандағы теңіз қақпасы жайлы
Ақтау теңіз порты 1969-1986 жылдар аралығында төрт айлақ негізінде құрала бастайды. Ол кезде порттан тек қана мұнай жөнелтілетін болған. 1980 жылдардың статистикасына сүйенсек, сол кезде порттан жылына 7 млн тонна мұнай тасымалданған. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін порттың жұмысы күрт тоқтап, тоқырауға ұшырады. Тек 1997-1999 жылдары ғана тәуелсіз Қазақстан үкіметі 74 млн АҚШ долларын жұмсап портты кеңейтіп, жүк тасымалын қайта жолға қойды. Соның әсерінен бүгінде порттың жұмысы гүлденіп келеді. Ағамның айтуынша, қазірдің өзінде порт солтүстікке қарай тағы да кеңейіп жатыр. Бұл жерде мұнай, бидай өнімдері Қазақстаннан Иранға экспортқа шығарылса, порт Әзірбайжаннан әр түрлі сусындар, жеміс-жидек, көкөністерді импорттайды.
Мен Асылбек ағамның жұмысына қатты қызығып, екінші күні тағы бардым. Бірақ бұл күні біз портқа бармадық. Ағамның құжат ісін жүргізетін кеңсесіне барып, кеменің техникалық жағдайына қатысты құжаттарын толтырдық. Бұл жағына келгенде менің көмегім аз болды.
Ертеңінде ағам тағы да ерте тұрып жұмысқа бара жатты. Айтуынша, портқа тағы кеме келіпті. Соны тексеру керек екен. Күн-түн демей жұмысқа аттанып бара жатқан ағама қарап риза болдым. Өйткені ол отбасын асырау үшін еңбектенеді және өз мамандығын сүйеді. Бір сәтке мен де ағам секілді инспектор болғым кеп кетті. Маған жобалау, жазу-сызу, құрастыру жұмыстары ұнайды. Болашақта инженер болғым келеді. Кім біледі, мүмкін теңіз саласымен тығыз байланысты инженерлік жұмысты таңдайтын шығармын. Қалай дегенмен, Каспий - біздің үлкен байлықтарымыздың бірі.
Сүйеу Есжан Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы