Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Облыс әкімі өңірге жұмыс сапарымен келген Ералы Лұқпанұлына сәттілік тілеп, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында дәнекер болу - кәсіподақтар қызметінің негізгі міндеттерінің бірі екеніне тоқталды. ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов әлеуметтік-еңбек қатынастарында қоғамды, кәсіподақ пен еңбек ұжымдарын алаңдатып отырған мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар шетелдік компаниялардағы жұмыс берушілер тарапынан орын алған еңбек заңнамаларының бұзылуы туралы айтты. Еңбек даулары мен жанжалдарды болдырмау, қарызды еңбекті пайдалану және жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау жайын жеткізді. «Кәсіптік одақтар федерациясы Үкімет назарын бірнеше рет шетелдік капиталмен жұмыс істейтін кәсіпорындар республикамызға шетелдік жұмыс күшін енгізу ережелерін үнемі сақтай бермейтіндігіне, қазақстандық жұмыскерлердің еңбегіне құрметпен қарамау,ұлттық заңнамаларды әдейі немесе жасырын түрде елемейтіндіктеріне аударды. Мұның бәрі әлеуметтік кикілжіңдердің тууына әкеледі»,- деді Ералы Тоғжанов. Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы ірі кәсіпорындардың 80 мыңнан аса қызметкері кәсіподаққа мүше.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Саби МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="87429,87430"]