Мерейтойы халықаралық деңгейде тойланып жатқан жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының туған жерінде 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шараға 3 мыңға жуық адам жиналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мерейтойға жиылған қауым әуелі Қамысбай ата қорымына зияраттап, құран бағыштады. Содан соң жазушының туған ауылы Оңдыдағы «Ай-Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Маңғыстау ауданының құрметті азаматтары құттықтау сөздерін жеткізді. Сонымен қатар Әбіш шығармашылығынан үзінділер оқылып, «Ай-анаға» арналған ән шырқалды. Айта кетейік, «Ай-Ана» мемориалды кешені Ұлы Отан соғысынан оралмаған жарларын күткен әйелдердің символикалық бейнесі ретінде жазушыны дүниеге әкелген Айсәуле ананың құрметіне Оңды ауылының кіре берісінде тұрғызылған. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86295,86296,86297,86298,86299,86300"] Бүгінгі Әбекеңнің тойы – жалпы әдебиеттің, бүкіл халықтың тойы. Өйткені Әбекеңнің қазақ әдебиетіне, әлем әдебиетіне қосқан үлесі өзінің көркемдік ойыменен, қайталанбас образдарымен, шалқыған бай тіліменен қосылған айтулы үлес. Қазақ халқы барда оның аты, артында қалған хаты өлмейді, өшпейді. Сондықтан оны дүниеге әкелген Маңғыстау өңіріне басымызды иеміз, - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Бекен Ыбырайым. Меймандар Әбіш Кекілбайұлы білім алған Оңды орта мектебіне де табан тіреп, арнайы ұйымдастырылған танымдық шараны тамашалады. Онда абыздың өзі осыдан 10 жыл бұрын бата берген кішкентай Әбіш дана Әбішке арнауын оқыды. Сонымен қатар 10 номинация бойынша колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары бақ сынаған «Абыз аға – Әбіш» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ал конкурс жеңімпаздарына Маңғыстау облысы әкімінің арнайы шәкіртақысы тағайындалатынын бұрын хабарлаған едік. Ал жеңімпаздарға әкімнің шәкіртақысын Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Жұмабаева табыстады. - «Абыз аға - Әбіш» байқауының жас ақын номинациясы бойынша І орын иегері атанып, әкімнің шәкіртақысына ілінгеніме қуаныштымын. Өте керемет болды. Алғысым шексіз, - дейді 20 үміткер ішінен жеңімпаз атанған Жазира Жалғасова. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86302,86301,86305"] Маңғыстау ауданы ұйымдастырған мерекелік шаралар аудан орталығы Шетпе ауылында жалғасын тапты. Орталық алаңда бірнеше киіз үйден тұратын «Әбіш ауылы» құрылыпты. Аудан тұрғындары мен қонақтар Маңғыстау және Түпқараған аудандары дайындаған астан дәм татып, артынша концерттік бағдарламаны тамашалады. - Бүгінгі болып жатқан ұлы той ұлы адамның өз туған жерін қашанда биікте ұстайтындығының бір көрінісі іспетті. Негізі ұлы адам қай жерде өмірге келсе, сол жердің топырағын киелі санайтын адамзаттың ежелден келе жатқан бір дәстүрі. Немесе табиғи заңдылық болуы мүмкін. 2-3 күннен бері өтіп жатқан осы тойға жиыналған адамдардың барлығының айтып жатқан сөздері мен тілектерінен осыны ұқтым, - деген Еуразия Ұлттық Университетінің «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасының доценті, ақын әрі абыздың жерлесі Оңайгүл Тұржан сөзін былай аяқтады: Күмбірлеген даламда мән – жүйеміз, Толқып тұрған шырқайтын ән – киеміз. Аңызымыз толы абызымыз Басымызды иетін әулиеміз. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86309,86308,86310,86311,86307"] Маңғыстау ауданында өткен мерекелік кеште Қазақстанның әр аймағынан жиналған сазгерлердің Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсыноваға арнаған әндері шырқалды. Қазақылықтың иісі аңқып тұрған, қаймағы бұзылмаған, топырағы тарихқа толы Маңғыстау ауданының төрінде Жамбыл облысынан «Фариза жан» әнінің авторы, ҚР мәдениет саласының үздігі Әбиірбек Тінәлі, белгілі мәдениет саласының майталмандары және маңғыстаулық ақын-сазгерлер бой көрсетті. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова шырқаған «Маңғыстау» әніне көрермен тебіреніп, ыстық ықыласын аямады. Маңғыстаудан түлеген әнші Тамара Асар Әбіш Кекілбайұлының сөзіне жазылған «Арман дейтін – арғымақ» әнін орындап, лық толы зал оны қошеметке бөледі. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86313,86312"] Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде Маңғыстау облыстық филармониясы әртістерінің қатысуымен көпшілік назарына «Мұнартау» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Шарада абыздың «Махамбет толғау», «Қаратау» «Құз басында құлжа тұр» сияқты өлеңдері мақам сазбен әдептеліп, жыр түрінде ұсынылды, арнайы жазылған әндер орындалды. Жазушының 80 жылдық мерейтойы жазба ақындар мүшайрасымен қорытындыланды. Елдің түкпір-түкпірінен келген шайырлар сөздің асылын теріп Әбіш әлеміне сапар шекті. Асылдың сынығы, абыздың ұрпағы да осы тойдың ішінде болды. Ұл-қыздары мен немерелері 3 күнге созылған дүбірлі мерекенің қызығын тамашалады. Мерейтой соңында атқарылған шараларға риза екендерін білдірді. Бұл күнде Әбіш Кекілбайұлын білмейтін жан кемде-кем. Оның қаламынан туған асқақ шығармаларды әрбір азамат мектеп бағдарламасынан біледі. Бүгінде туған жері үшін әулие саналатын оның тұңғиық ойынан туындаған тың еңбектермен сусындап өскен ұрпақ сөз киесі мен туған жер қадірін ұғып өсіп келеді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН