Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған І Халықаралық «Ábish Álemi» театр фестивалі өз мәресіне жетті. 4 күнге созылған фестиваль барысында 10 театрдан 150 сахна шебері өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Салтанатты шара басында сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев «Ábish Álemi» театр фестивалі жалғасын тауып, екі жылда бір рет өткізілетін фестивальге айналатынын айтты. Фестивальдің жабылу салтанатында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театры ұжымымен қатар Түркменстан, Өзбекстан елінен келген актерлер де өнер көрсетті. Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған бұл фестивальде жазушының аударған шығармалары желісі бойынша қойылымдар сахналанған болатын. Әр елден келген қонақтар қазақ жұртының қонақжайлығы мен ақкөңілдігіне дән риза. - Ақтау қаласы сондай керемет, театр ұйымдастырушылары, қатысушылары, қала тұрғындары мен қонақтары қонақжайлықтарыңызға рақмет! Ендеше, сіздерге алғысымызды білдіре отырып біріншіден, Н.Жантөрин атындағы драма театрына өзімізбен ала келген сыйлықтармызбен бөлісуге рұқсат етіңіз, - деді Ованес Абелян атындағы Ванадзор Мемлекеттік драма театрының режиссері Гамлет Гюльзадян. Әділқазылар алқасы мүшесінің бірауыздан анықтаған шешімі бойынша фестивальге қатысқан әр ел театры қойылымдарын үздік сахналағаны үшін І Халықаралық «Ábish Álemi» театр фестивалінің лауреаты атағын алды. Асанәлі Әшімов бастаған әділқазылар тобының ұйғарымы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы Антон Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасын, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Әбіш Кекілбаевтың «Күй» қойылымын, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры Уильям Шекспирдің Әбіш Кекілбаев аудармасындағы «Король Лир» трагедиясын, Хорезм облыстық музыкалық драма театры Юнус Юсуповтың «Ғашық Ғариб пен Шохсанам» музыкалық драмасын, Лебап велаятының Сейитназар Сейди атындағы Мемлекеттік музыкалық драма театры Шөкрат Машариповтың «Даяхатын» драмасын, Камол Худжанди атындағы музыкалық комедия театры Ш.Бошбековтың Мольер пьесасының желісімен «Летающий лекарь» комедиясын, Ованес Абелян атындағы Ванадзор Мемлекеттік драма театры Габриэль Гарсиа Маркестің «Я пришла только позвонить» психологиялық драмасын, Стамбул Мемлекеттік театры халық аңызы желісімен «Қорқыт баба» драмасын, Гейдар Алиев атындағы Тбилиси Мемлекеттік Әзірбайжан кәсіби драма театры Антон Чеховтың «Аю» комедиясын, Белех Савар Барбод театры Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын үздік сахналағаны үшін марапатталды. - Халықаралық «Ábish Álemi» театр фестивалінде Асанәлі ағамыз бастаған қазылар алқасының құрамында болғаныма қуаныштымын. Фестиваль болғандықтан әр мемлекеттің алып келген қойылымдары әртүрлі, деңгейлері де әр қалай. Мысалы үшін кейбір театрлар жаңашыл бағытта, ерекше дайындалған. Кейбір қойылымдарда әттеген-ай деп, көңіл толмай отырған кездер де болды. Жалпы фестивальдің өтуі, ұйымдастырылуы өте керемет. Н.Жантөрин театрының актерлеріне, әкімшілігіне және осы шараның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Бұл фестивальде Иран елінің «Король Лирі» болды. Жаңашыл бағытта қойылған. Олардан өзімізге алатын дүние көп, - дейді фестиваль қазылар алқасының мүшесі, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әділ Ахметов.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрынан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86340,86341"]