Облысымызға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Ресей мемлекетінде ең алғашқы Ресей этно коуоркингін ашқан этно дизайнер Ырза Тұрсынзаданың келуіне орай, облыс әкімдігінде кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Шараға облыс әкімі Серікбай Трұмов, оның орынбасарлары Қаныбек Жұмашев және Әлихан Қыраубаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков және қала, аудан әкімдіктері бейнеконфренц байланысы арқылы қатысты. Алғашқы кіріспе сөзді Серікбай Трұмов ашып, Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі атты Жолдауының басым бағыттарын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырып өтті. Арман Бердалин орталық деңгейде қолға алынған жобаларға және жыл басынан бері Республика бойынша сыбайлас жемқорлық деректер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізу үшін, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтті. Республиуалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі Ырза Тұрсынзаданың пікірінше, ұлт болып ұйысудың басты тетігі - рухани тәрбие, яғни адамзаттың бойында адамгершілік, әділдік, адалдық, парасаттылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сонда ғана сыбайлас жемқорлық сияқты теріс құбылыстың қоғам өмірінде жолы кесіледі. Кездесу соңында облыс әкімі Серікбай Трұмов барша мемлекеттік қызметшілерді әділ болуға, әр қызметші өзгерісті өзінен бастау керектігін айтып өтті.