Бүгін, 15 қазан күні Ақтау қалалық орталық мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл Досан батыр атындағы спорт кешенінде спортшылармен кездесті,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Аталған жиынға 30-ға жуық жасөспірім, әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов пен спорт кешенінің жаттықтырушылары қатысты. Досан батыр атындағы спорт кешенінде жаттығатын боксшы жастар имамның ғибратты әңгімелерін тыңдап, ізгі ой түйіп қайтты. - Баршаңызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрбіріңізге чемпион болуды нәсіп етсін. Әулиелі мекен Маңғыстаудан шығатын мықтылардың қатары көбейе берсін, - деп Ақтау қалалық орталық мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл ізгі тілегін білдірді. Кездесу өткен спорт кешенінде күніне 160 боксшы жаттығады. Одан бөлек, фитнес залына да келушілердің қарасы көп. Жалпы айтқанда, тәулігіне 250-дей адам шынықсам деген ниетпен осы спорт ордасының табалдырығын аттайды. - Жаттығуға келушілерге жағдай жасалған. Спорт кешенінен алыс тұратындар үшін арнайы маршрут та жүріп тұр. Бұнда жаттығу жасау, тамақ ішу, бәрі тегін. Екі жылда бір рет спорттық киімді алып береміз. Ал фитнес залы ақылы, - дейді Маңғыстау бокс клубының директоры Ердос Жаңабергенов. Мүмкіншілік бәрін алдына тосып тұрғанда спортпен айналысып жүрген жастардың ойына өнеге беретін басқосу өткізу бауырлық парыз болар. Тәлім мен тәрбиеге толы игі кездесу өткізудің өзі қайырлы іс болды. Өскелең ұрпақтың саналы һәм салихалы болып бой түзеуіне осындай жиынның беретін әсері зор екенін атап өткен жөн.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер автордан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86358,86359"]