әбіш кекілбаев

«Абыз аға – Әбіш» байқауының жеңімпаздарына арнайы шәкіртақы тағайындалады. Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың 5 қазан күні Білім-инновация лицей-интернатында ҚР Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың  80 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы облыс әкімінің тапсырмасымен   білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері арасында «Абыз аға – Әбіш» байқауы ұйымдастырылады.

«Шара 10 номинация бойынша өткізіледі. Колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары бақ сынайтын сайысқа 370 оқушы қатысады деп күтілуде», — деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев.

Жеңімпаздарға арнайы Маңғыстау облысы әкімінің бір реттік  стипендиясы тағайындалады. Асқар Сейдалиевтің айтуынша, шәкіртақы құны шамамен 100 мың теңге болады.

Ал Әбіш Кекілбаев шығармаларын насихаттап, өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын арттыруға және жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге бағытталған «Әбіш оқулары» байқауының аймақтық кезеңі алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылған еді. Оған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарынан оқушылар қатысқан болатын. 2018 жылдан бастап бұл шара дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Биылғы жылы  Ақтау қаласында өткізілген «Әбіш оқулары» байқауының республикалық кезеңіне 160-қа жуық оқушы қатысып, жүлдегерлер 4 номинация бойынша анықталды.

Сондай ақ, бірнеше жылдан бері балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту мен зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыру және Ә.Кекілбаевтың ұлағатты мұраларын зерттеу мен насихаттау мақсатында «Әбіш әлемі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл облыстық мұражай әкімшілігі мен «Әбіш әлемі» журналы баспасымен бірігіп  өткізілетін шара.

Бұл күнде Маңғыстау облысы мектептерінде 47 «Әбіштану» кабинеттері  ашылған. Қазан айында Бейнеу ауданындағы Сам орта мектебінде тағы бір кабинет ашу жоспарда тұр. Алм мұғалімдер арасында облыстық «Ғұлама тұлға – ғибратты ғұмыр» тақырыбында  облыстық сахналық қойылым байқауы және  «Ә. Кекілбаевтың кеңістігі» атты облыстық және халықаралық ғылыми – теориялық конференциясы өтетін болады.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН