№2 Ақтау қалалық балалар емханасы заманауи офтальмологиялық құрылғы сатып алды. Жапониялық «Topcon SL-D2» деп аталатын жарықты шам көздің алмасын және оның бөліктерін зерттеу кезінде ұлғайту үшін пайдаланылады. Одан бөлек, емхананың балалар бөліміне су жаңа офтальмоскоп та алынған.
-«Topcon SL-D2» жарықты шамының ерекшелігі-балалар арасындағы туа бітті катарактаны анықтай алады. Жалпы жыл басынан екі баланы осы диагнозбен анықтап, тіркедік. Көктем басталған уақыттан бастап әсіресе ұлдар мезгілдік конъюнктивитпен бізге келіп, қаралды. Конъюнктивит дегеніміз-көздің сілемейлі қабығының қабынуы. Бұл ауру түрі жұқпалы және аллергиялық деп екі түрге бөлінеді. Қайсысы екенін анықтағаннан кейін ғана ем жазып береміз. Сонымен қоса, балалар арасында миопия көп кездеседі. Бұл-алыстан көрмеушілік дерті. Бұл келеңсіздіктің жылдан жылға артуына әрине ата-ананың өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы ықпал етіп отыр. Мәселен, ата-ана өзінің құлағы тыныш болуын ойлап, баланың теледидар алдында сағаттап отыруына немесе ұялы телефоннан, планшеттен ойындар ойнауына жол береді. Күні-түні телефонға, теледидарға, компьютерге шұқшиған баланың көзі тек жақыннан жақсы көруге қалыптасады. Нәтижесінде алыстан көрмеушілік дерті пайда бола бастайды. Өткен жылы дайындық сыныбына қабылданған балалардың көзі сау болатын, биыл олар бірінші сыныпқа қабылдану үшін қайтадан тексерістен (медосмотр) өтті. 45%-да осы миопия анықталып отыр. Бұл-қауіптенетін жағдай. Оның 20%-да миопияның әлсіз түрі анықталды, көзілдірік тағып жүрулеріне анықтама бердік,-деген №2 Ақтау қалалық балалар емханасының офтальмолг-дәрігері Баян Джардемова ата-аналарды балаларының қос жанарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Дәрігердің айтуынша, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап көздің көруін қорғайтын кабинет күніне 50 баланы қабылдап, тексереді. Олардың барлығы биыл алғашқы мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршірдер.
Венера МИРЛАН