©
Ақ түс – қазақ үшін киелі түс. Неге аналар ақ жаулық тартады? Неге арағайындыққа барғанда ортаға ақ орамал тастайды? Неге жауласқандар бітімгершілікке шақырылғанда ақ ту көтеріледі? Демек, ақ түс – татулықтың, мейірімнің, жақсылықтың түсі екен. Ал, қазір бүкіл еліміз бойынша өтіп жатқан «Ақ орамал» акциясы осы жақсылықтың бастауындай көптеген игі шаруаларға ұйытқы болуда.
Бұл акцияның өмірге келуіне Президент Н.Назарбаевтың АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV халықаралық саммитте жариялаған «Əлем ХХІ ғасыр» манифесі бастау болды. Осы манифесті баянды ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізуге бастама көтерген еді. Бұл акция Түпқарағанда басталып та кетті. Оның алғашқы шарасы өткен аптада «Қолдау» ұйымы мен Форт-Шевченко қалалық әкімі аппараты бастамасымен басталса, бүгін, Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толған күн ретінде тағы бір шара өтті. «Ақ орамал» деп аталған бұл шара «Нұр Отан» ғимаратынан бастау алған ақ жаулықты, көп балалы аналар шеруінен басталды. Бастарына ақ ниеттің көрінісіндей ақ орамал тартқан апа-қарындастарымыз жаяу шерумен Иса мен Досан батырлар ескерткішінің алаңына дейін барды. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойылды. Осы жерде оларды аудан мен қала басшылары, жастар, жұртшылық өкілдері қарсы алып, шағын митинг өткізілді.
- Бүкіл адамзат алдында тұрған аса маңызды және басты міндет – жер шарындағы бейбітшілікті сақтау. Қазіргі таңда әлемде адам баласын бірнеше мәрте құртып жіберуге жететін ядролық қару жинақталған. Біздің Елбасымыз Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялап, адамзатты бұл қауіптен құтқарудың негізгі жолы – ақ ниет, сенім және халықаралық, ұлтаралық, дін аралық түсіністік деп баса айтты. Біздің еліміз ғаламда бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. 1991-жылдың 29-тамызында Елбасымыз Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Елбасы Қазақстанның бейбітшілік жолында нақты, тұрақты ұстаныммен дамитынын әлемге паш еткен болатын. Міне, содан бергі 25 жыл осы ұстанымның еліміздің басты принципі екенін айғақтады, - деді алғашқы сөзді алған аудан әкімі Темірбек Асауов.
Аудан басшысы бүгінгі акцияға қатысып отырған ақ орамалды апа-қарындастарымыздың ниеті қабыл болып, аспанымыздан соғыс бұлты төнбесін деген тілек айтты.
Одан кейін де бірнеше адам сөз алып, біздің еліміздегі бейбітшіліктің басты кепілі – ұлт аралық татулық пен ынтымақ екендігіне баса мән беріп, жастарды осы жолды ұстануға шақырды.
Жұртшылық алдына қала әкімі Мұратбек Дощанов шығып, Семей полигонында қызмет еткен ардагерлерге қатысқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын және ескерткіш-сыйлықтар тапсырды. Осы акцияға белсенді қатысушы ұйымның бірі «Қолдау» үкіметтік емес ұйымының атынан сөз алған Милана Елеусінова:
- Қазақ елінің тарихында философиялық мағынасы терең «Ақ oрамал» акциясының негізіне дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салтынан алынған. Еліміздегі барлық ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау – бұл «Ақ орамал» республикалық акциясының көздеген мақсаты болып табылады.Яғни, «Ақ орамал» акциясын өткізу арқылы қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру, - дей келіп, қаламыздың қазағына да, орысына да, түрікмен-татарына да бірдей сыйлы, қадірменді аналар – Валентина Заболоцкая және Валентина Расшипкинаға қазақ салтымен ақ орамал тарту етті.
Митинг соңында жастар бейбіт, ақ пейілді халқымыздың ақ ниетінің көрінісіндей қылып, аспанға ақ шарлар ұшырды. Ән шырқалып, жастардың флэш-мобымен және аудан әкімімен бірге суретке түсумен аяқталған осынау шараға жиналғандар халқымыздың азаттығы үшін жан берген атақты бабаларымыз – Иса мен Досан батырлардың асқақ тұлғасынан рух алғандай болды.
«Ақ орамал» акциясы еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Ал, Семей ядролық полигонының жабылуына арналған бүгінгі шараны өткізуге біздің облыста тек Түпқараған ауданы ғана іріктеліп алыныпты.
Анар РАХИМБЕКОВА Фотоға түсірген автор