Ақ шағыл Ақтау шаһарында «Көрпе-Фест» фестивалі бастау алғалы үш күн өтті. «Достық үйінің» кең залында иін тіресе жиналған қыз-келіншектер тігін машинасынан бас көтермейді. Құрақ құру қызығына батып, өлшеп-сызып, пішіп-қиып, зыр-зыр тігіп жатқан әйелдердің ортасында Ырза ханым жүр. Барлық үйренем деушілердің толассыз сауалына үздіксіз тіл қатып,байыппен түсіндіріп, қажет деп тапса машина құлағын өзіне бұрып, лезде тәжірибе жүзінде көрсетуге жалығар емес. Республикаға танымал қолөнершінің әрбір кеңесі қатысушылар үшін аса құнды. Әйелдер қауымы тігін машинасын өзіне ыңғайлап, жайғасқан шеберді лезде қаумалай қоршап, әр сөзіне құлақ түріп, аса мұқият тыңдауда. Себебі мұндай мезет, мүмкіндік күнде қайталана бермейді. Қатысушылардың қатарында көп балалы аналар, қолы бос қыз-келіншектер, тіпті жасы егде тартсада үй шаруасынан қол үзбеген әжелер бар. Құрбыларынан қалмай, кішкене бөбегін қатар ертіп жүрген жас ана да осында. «Кооперативті техникумды бітіріп, 25 жыл сатушы болып қызмет атқардым. Бүгінде зейнеткермін. Үйде отырып, құрақ құрап, соны табыс көзіне айналдырып отырмын. Бұдан бұрында бірнеше шеберлік сабақтарына қатыстым. Көрші-қолаңдар, ағайын-тумалар тарапынан тапсырыс түседі. Бұндай іс-шаралар көпбалалы аналар үшін өте үлкен мүмкіндік. Себебі көп нәрсені үйренуге болады»,-дейді 63 жастағы әжеміз. Ырза апа бұл жолы ісмер шәкірттерін өзімен бірге ерте келді. Шеберлік сабақтарын Ырза ханыммен қатар Лилиян және Майра секілді шәкірттері қатар жүргізуде. «Мен 2015 жылы Ырза Тұрсынзада ханымның қолөнер бойынша сабағына қатыстым. Негізгі мамандығым экономист. Бірақ ұлттық қолөнер бұйымдарын аса қатты қадірлеймін. Бүгінгі таңда “Төре қыз” брендімен тұрмыстық бұйымдарды, қыз жасауына қажетті барлық дүниені, баланың өмірге келуіне байланысты бесік жасауы, балаға арналған әдемі көрпешелер мен жастықтар, ұлттық киімнің кей үлгілерін жасап шығарамын. Бойдағы қабілетімді шыңдап,ұлттық өнерді дәріптеуге сүйспеншілігімді арттыра, ынталандыра түскен Ырза апама алғысым зор»,-дейді Лилиян ханым. Шеберлік сабақтары үш күн бойы өтеді. Одан соң «Көрпе-Фест» фестивалі аясында арнайы ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастыру көзделген.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ