©
16-тамыз күні кешкісін Иса мен Досан батырлардың ескерткіші жанындағы алаңда Спорт және Халықаралық жастар күні мерекесіне орай атты мереке ұйымдастырылыпты. Аудандық Мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жастар орталығы ұйымдастырған бұл мерекеге спортшылар, жасыл елдіктер, жасотандықтар, жас саясаткерлер мектебінің мүшелері, қала тұрғындары және жергілікті билік өкілдері шақырылыпты. Алаңда ауданның спорт саласының көрмесі, аудан жастарының көрсеткіштері мен суреттері жинақталған стендттері қойылған. Жастар да қолдарына еліміздің жалаушасын ұстапты. Көрініс әдемі де әсерлі.
Мерекені «Қызғалдақтар» ансамблінің жас бишілері ашты. Одан соң аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықов және қала әкімі Мұртабек Дощанов ел алдына шығып, құттықтау сөз сөйледі.
-Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, қаламыздың 170 жылдығы тойланғалы отыр. Мына спорт және жастар күніне арналған қосарлы мереке биылғы жылдың айшықты оқиғаларының біріне айналып отыр. Жастардың жалынды істеріне куә болып келеміз, спортшыларымыз да түпқарағандықтардың мақтанышына айналып, жеңістен жеңіске жетуде. Артымыздан жігерлі, мықты, жалынды, ынталы және өжет жастардың келе жатқанына қуаныштымыз, -деді Талғат Алтынғалиев.
Ауданымызда 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатырған «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген белсенді жастарды аудандық жастар ресурстық орталығының атынан сыйлықтар және дипломдар табыс етілсе, жарыстарға қатысып жүрген әуесқой спортшыларға аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан «Алғыс хат» табысталды. Мереке «Екі жұлдыз» байқауы өнерпаздар әндерімен айшықталды. Спортшылар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды және шараға келген көрермендер арасында лотерея ойналып сыйлықтар табысталды. Түн ортасына дейін әсерлі де әдемі мерекеге ұласты.
Анар РАХИМБЕКОВА