Облыс орталығында құрыш білек құрылысшылардың кәсіби мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелерін аталмыш саланың қызметкерлері алдымен қайырымдылық шаралардан бастады. 14 шағынауданда орналасқан балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді күнделікті тұрмысқа қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, 500 мың теңгенің сертификатын сыйға тартты. Сонымен қатар, бөбектер үйінің шатырын жөндеп беруге уәде берді.
- Маңғыстау облыстық құрылыс қоғамдық бірлестігі 2006 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Құрамымызда 20-ға жуық компания бар. Қоғамдық құрылысты құрған себебіміз-облыс көлеміндегі барлық құрылыс жұмыстарына жергілікті компанияларды тарту болатын. Осы жылдар аралығында облыс деңгейінде өткен көптеген қайырымдылық шаралардың ұйытқысы болып, біраз жұмыстар атқардық. Биылғы құрылысшылар күнін бір аптаның көлемінде кең ауқымда атап өттік. Жиналып алып, бір-бірімізді марапаттап, құттықтамайық деп біраз қайырымдылық шаралар ұйымдастырдық. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, балалар үйіне көмектестік. Аймақтағы ардагерлерді жинап, дастархан жайып, ақшалай сыйлықтар табыстадық. Ардагерлердің облыстың өркендеуіне қосқан үлестерін, өмір жолдарын кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында қысқа метражды фильм дайындадық. Сонымен қатар әр түрлі бағытта спорттық жарыстар өткіздік, - деген Маңғыстау облысы құрылыс қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Каспий Строй Сервис» корпорациясының директоры Самат Мұсабаев корпорация ағымдағы жылдың аяғына дейін қаламызда жалпы ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді тапсыратынын атап өтті.
Кәсіби мерекені тойлау спорттық жарыстармен жалғасын тапты. Алғаш рет 25 шақырымдық аламан бәйге сегіз айналым бойынша ұйымдастырылды. Ұлттық спортты ұлықтаған жарысқа 22 ат қатысып, бақтарын сынады. Бәйге қорытындысында «Айком-ЛТД» ЖШС-ның директоры Иса Бимырзаевтың аты мәре сызығын бірінші кесіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Екінші орынды Сайын Шапағатов ауылынан келген шабандоз (700 мың теңге) иеленсе, үшінші орынды Сенек елді мекенінің тұрғыны (500 мың теңге) қанағат тұтты.
- Жарыста Көкбастау атты тұлпарымыз жеңімпаз атанды. Өте қуаныштымыз. Тұлпарымызды алдағы уақытта Қазақстан кубогіне апарып, қатыстырғымыз келеді. Жалпы жарысқа облыстан бөлек, екі ат көршілес Атырау облысынан келіп, қатысты. Жарыс жоғары деңгейде өтті, - деген Иса Бимырзаев бүгінде "Айком ЛТД" ЖШС қарамағында 280 адам табысты еңбек ететінін айтты.
Спорттық шаралардың екінші күні командалар арасындағы тартысты әрі қызықты ойындармен қыза түсті. Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде шағын футболда құрылысшылар өз командаларына ерекше қолдау көрсетті. Команданың үйлесімді ойыны, шебер қорғанысы, ауызбіршілгі «Ақтау-BS строй» ЖШС командасына жеңіс сыйлады. Екінші және үшінші орынды «Альянс-ЛТД» және «Айком-ЛТД» мекемелерінің командалары өзара бөлісті.
Спорттық мерекені бильярдтан өткен жарыс қорытындылады. Тастаяқ ойынын тас қылып меңгерген 16 жігіт тартысты ойын көрсетті. 16 сағатқа созылған сайыстың қорытындысында «Ақтау-BS строй» ЖШС-ның қызметкері Айдос Ақжанов жарыс жеңімпазы атанып, 100 мың теңгенің иесі атанды.
- Қолым бос уақытта бильярд ойнап, салауатты өмір салтын сақтаймын. Бірақ бильярдтан өткен жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Ұжымымның намысын аброймен қорғап, жарыс жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Жұмыстан тыс уақытта бүгін әріптестеріммен кездесіп, өзара пікір алмастық, арқа-жарқа боп, жақсы әңгімелестік. Жалпы мұндай спорттық жарыстар біздер үшін өте қажет деп есептеймін. Алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілегіміз бар. Күндізгі сағат 13:00 басталған жарыс түнгі сағат 3:00 де аяқталды. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалдық, - дейді «Ақтау-BS строй» ЖШС-ның қызметкері Айдос Ақжанов.
Екінші орынды «СМК-4» ЖШС қызметкері Әбіш Марат (70 мың теңге) еншілесе, үшінші орынды «Айком-ЛТД» ЖШС қызметкері Тимур Тілеубай (30 мың теңге) қанағат тұтты.
- Шараның басты мақсаты-салауатты өмір салтын қалыптастыру, мекеме қызметкерлерін мейілінше бұқаралық спортқа тартып, денсаулығын нығайту. Жалпы спорттық жарыстарға барлық құрылыс мекемелері белсенді қатысып, жақсы ойын көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды, - деді Маңғыстау облысы құрылыс қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Нұрлан Көмеков.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="8517,8445,8435,8519"]