Аймағымызда ауыл шаруашылығы саласын дамытып, оның ішінде егін егіп, нәпақасын айырып отырған жекелеген қожалықтар аз емес. Жыңғылды ауылының өзінде - ақ 22 шаруа қожалықтың он бесі егін егуді қолға алғандар.
Сәрсенбінің сәтті күні «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева бастаған ақпараттық-насихат топ Ұланақ жеріндегі «Ақмаржан», «Шам», «Ұлтан», «Ахматова» шаруа қожалығында болды. Қазақстан Республикасы жер Кодексіндегі заңнамаларға сай жер телімдерін жалға беріп, жергілікті тұрғындарды арзан бағадағы көкөністермен қамтып отырған шаруагерлердің жер реформасына қатысты сұрақ-ұсыныстарын тыңдап, биылғы егіннің шығымын өз көзімен көріп қайтты.
«Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, ауыл-ауылдарды аралап, жұмыс барысымен танысып жүрген «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған ақпараттық-насихат тобына шаруа қожалықтарының иелері Жыңғылды басындағы кейбір егін алқаптарын «қауын шыбыны» жайлап кеткендігін жеткізді. Үкімет тарапынан көрсетілетін алқаптарды тегін улау әдісі былтырдан бері ақылыға көшіп, өз қалтасынан төлеуге мүмкіндік болмаған олар зарарсыздандырылмаған жердің зардабын шегіп отыр. Келесі жылы тұқымды қайта сепкенімен толығымен құртылмаған жәндік қайтадан шығып, еңбектері зая кетуі мүмкін. Сондықтан, жәндікті егін алқабынан түпкілікті жойып жіберуге бір реттік тегін зарарсыздандыруға көмек болса деп өтініш білдірді. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы өзге өңірлерге қарағанда суы тапшы аймақ екені белгілі. Жердің терең қабатынан су соратын бұрғыма алуға мүмкіндік болмай отырған олар мал шаруашылығына берілетін 80 пайыздық жеңілдігі бар субсидия, егін шаруашылығына да қаратырылса және қыс мезгілінде жылуды қажет жылыжайға жол бойынан өтетін газ құбыры егінге тартылып берілсе деген өтініш білдірді. Еңбеккерлермен емен-жарқын әңгіме құрған халық қалаулысы жекелеген ұсыныстар мен өтініштерді тиісті орынға жеткізуге уәде етті.
Айгүл РАХМЕТОВА