Ақтауда облыстық "Үлгілі келін - 2019" байқауы өтті. Жас келіндерді ибалылық пен инабаттылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шарада 13 келін бақ сынады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Конкурс "Отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру" әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған. Ұйымдастыру алқасы қатысушылардың жас ерекшелігі 16-35 жас аралығы деп бекіткен. Байқаудың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен мадақтама қағаздары табысталды. Қазылар алқасы үлгілі келінді 5 кезең бойынша анықтады. Байқауға Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының бас маманы Ажар Азанқызы, 5 келін түсіріп, 3 қыз ұзатқан Мәрзия Қарабасова, Түпқараған ауданының "Үлгілі келін - 2017" байқауының жеңімпазы Мадина Лепесбаева және "Нұрлы Ақтау" қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұргүл Төлегенқызы төрелік етті. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Бейнеулік Маржан Қуанышбекова ие болса, І орынды Жаңаөзендік Жадыра Тасқынбаева мен Таушық ауылының келіні Маxаббат Қуанышқызы қанжығаларына байлады. ІІ орын Эльмира Құрмашеваға (Маңғыстау ауданы Үштаған ауылы) бұйырса, ІІІ орынды Ару Исанбаева (Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылы) иеленді. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлығымен Анар Нұрсұлтанова (Мұнайлы ауданы) марапатталды. Бас жүлденің иегері Маржан Қуанышбекова 29 жасында күміс алқалы ана атанып үлгерген. Ол ата-енесінің алғысын алып, 6 бала тәрбиелеп отырған ана. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген Маржан Бейнеу аудандық мәдениет үйінің жастар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Қазақ келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, ұлт болашағының негізі ретінде қараған. Бір әулеттің отын жаққан келіндер көрермендерге тәлім мен тәрбие ұштасып жатқан мағынасы зор әндерді шырқап, әрқайсысы үлгілі келін атағына ие бола алатынын көрсете білді. Әрбірі өзіндік қылығымен ерекшелене алды. Олар өздері дайындаған табиғи құрт, балқаймақ, айран өнімдері мен қолөнер бұйымдарын ұсынды. Келіндерге салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылып, қазақи құндылықтар ұлықталды."Бүгінгі сайыстың біздерге берері мол. Жас болсам да күміс алқа иегері болғанымды жас келіндерге үлгі еткім келіп, қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымын бар білгенімше насихаттап, өнерімді көрсеткім келді", - дейді Маржан Қуанышбекова.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Үлгілі келін - 2019" ids="82545,82546,82551,82554,82550,82548,82547,82549,82552,82553"]