Аудандық орталық емхананың «Жастар денсаулығы бөлімінде» облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының әлеуметтік тапсырысы аясында «Ана мен баланың денсаулығын қорғау бойынша алдын алу шараларын өткізу» жобасына сәйкес, жас және болашақ аналарға семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Келер ұрпақтың дені сау болып туылуы, сәбилердің салауатты өмір салтымен өсуі үшін ұйымдастырылған шара «Ауыл әйелдерімен отбасын жоспарлау және ана денсаулығын қорғау» тақырыбында«Шаңырақ» қоғамдық қоры өкілдерінің қатысуымен өтті. Онда қоғамдық қор төрайымы Р.Игілікова отбасын қалай жоспарлау керектігі мен аналардың денсаулығы жөнінде, аудандық емхананың балалар дәрігері А.Искакова жоспарсыз жүктіліктен келетін қауіп-қатерлер жайында түсінік берді.
Сондай-ақ қатысушылармен ой-пікір алмасып, бөбегін емізу ережесіне сай дұрыс қоректендірген келіншектерге сыйлық үлестірді. СӨСҚПОО аудандық филиалының мамандары тарапынан тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық бетшелер таратылды.
Шахида ЖҰМАН