Ұлы Жеңіс мерекесі күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов майдангер Ибрәкім Мәмбетұлына Ақтау қаласындағы жаңа үйден пәтер кілтін табыс етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 95 жастағы ардагер бұған дейін Таушық ауылында тұрған. Ибрәкім Мәмбетұлы – 1924 жылы 17 сәуірде туған. Ол 1942 жылы соғысқа аттанып, қалмақ даласы мен Сталинград түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Соғыс кезінде жарақат алып Астрахань госпиталінде емделеді. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы Таушық ауылында жүргізуші болып жұмыс істеген. "1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған. Маңғыстау облысының әкімі жеңісті жақындатқан ардагерге алғыс білдіріп, амандық тіледі. Ардагер халықты мерекемен құттықтап, Қазақстан өркендеп дами берсін деген ниетпен бата берді. Айта кетелік, соғыс кезінде Маңғыстау өңірінен 6 мыңдай азамат майданға аттанса, оның 4800-ге жуығы елге оралған жоқ. Қазір арамызда 16 ардагер ғана бар.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ