©
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтардың ұшулары тоқтатылды. ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Н. Ермекбаевтың тапсырмасы бойынша Ми-8 үлгісіндегі армиялық авиацияны қолдана отырып, арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексерісінің қорытынды кезеңі тоқтатылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі өзінің ресми сайтында мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Авиациялық апаттың себептері мен бір типті әуе кемелерінде оларды болдырмау жөніндегі алдын алу шараларының кешені өткізілгенге дейін шектеулер енгізілді", - делінген хабарламада. Айта кетелік, кеше әскери оқу-жаттығу барысында Ақтаудан Шымкент қаласына бағыт алған тікұшақ құлап, әуе кемесінің бортында болған 13 әскери қызметші қаза тапты. Қайтыс болған 13 адамның 12-сі — Ақтаудағы №30153 әскери бөлімінің қызметкерлері. ҚР Президенті Қ. Тоқаев, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Н. Ермекбаев және Маңғыстау облысының әкімі қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ Маңғыстау облысының әкімдігі әскерилердің отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек берілетінін хабарлады.