©
Қазақстанның бірнеше өңірінде полицейлер пара алды деген күдікке ілінді. Олардың арасында Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық бөлімінің учаскелік полиция инспекторы да бар. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz сілтеме жасап. "Маңғыстау облысында Мұнайлы аудандық бөлімінің учаскелік полиция инспекторы пара алғаны анықталды. Ол жеке кәсіпкерден көші-қон заңнамасын бұзғаны және қамқорлығы бойынша жауапкершілікке тартылмағаны үшін 135 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді", - деді ол. Ол кінәсін толықтай мойындаған. Тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар Жамбыл облысында Талас аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры, бөлім тергеушісі, полиция капитаны ұсталған. "Олар Қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу дерегі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін азаматтан 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", - деді брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюро басшысының орынбасары Шыңғыс Қабдула. Павлодар облысында Астана қалалық ҰҚКБ полиция майорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр екен. Алматы облысының Ұйғыр полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оны Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылындағы мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен ұсталған деп айып тағылған. Полицей үй қамауында.