©
Соңғы екі жыл ішінде Маңғыстауда жарылғыш зат туралы 5 жалған мәлімет тіркелген. Оның екеуі 2018 жылы болған. Жалған қоңырау шалу көбіне кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында кездеседі. Маңғыстау облыстық Полиция департаменті 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді. Аталған 5 жағдайға қатысты қылмыскерлер ҚР ҚК 273-бабы бойынша (Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) жауапқа тартылған. Мұндай қылмыс жасағандар 6 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал кемелетке толмағандардың жазасын ата-анасы тартады. Осыған байланысты құзырлы орын өкілдері қоғамдық қауіпсіздікке кері әсер ететін, лаңкестік әрекеттерден сақ болуды, жалған ақпарат таратпауды сұрайды. Айта кетейік, 2016-2018 жылдар аралығында осындай 339 жасырын хабарламаны тексеруге 43,3 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалған (бір барудың құны шамамен 120 мың теңгені құрайды).