©
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев 10 күнге қамауға алынды. Нұрбек Қарабалаевқа мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне қарсы ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрбек Қарабалаевқа қатысты сотқа дейінгі алдын ала тергеу ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4 бөлігі 3 тармағы бойынша (лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану) басталған. "Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2019 жылғы 31 қаңтардағы қаулысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу департаментінің Карабалаев Нурбек Джумабековичке қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші қанағаттандырылып, он тәулікке қамауға алуға санкция берілді", - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметкерлері. Естеріңізге сала кетейік, Нұрбек Қарабалаев Маңғыстау облысының спорт басқармасының басшысы қызметіне 2018 жылдың 30 қарашасында ғана тағайындалған. Ол бұған дейін басқармада бас маман, басшының орынбасары болып қызмет еткен.