Ақтау қалалық полиция басқармасы тонау және қарақшылық деректерінің алдын-алу мақсатында жүрген рейд барысында қала аумағында заңсыз жұмыс істеп тұрған букмекерлік орталықтарды анықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2018 жылы 10 қарашада Ақтау қаласының 7 шағынауданында заңсыз букмекерлік орталық анықталып, дүкен ішінен 22 монитор, 22 компьютер блогы, 21 тінтуір мен 2 кассалық аппарат тәркіленіп алынған.
«12 қараша күні қаладағы 5 шағынауданда орналасқан шағын маркеттерінің бірінің жертөлесінде букмекер кеңсесінің заңсыз жұмыс істеп отырғаны анықталды. Жертөледен 21 монитор, 21 компьютер блогы, 21 дана тінтуір мен 2 кассалық аппарат, сонымен қатар 4 теледидар мен 2 дана ойын терминалы тәркіленіп алынды», - деп хабарлады полицейлер.
Ақтау қалалық полиция басқармасы аталған деректерді сотқа дейінгі тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 307-бабының 1-бөлігімен тіркеп, сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады.
Ақтау қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, бұл жыл басынан бері 21 заңсыз букмекерлік кеңсенің жұмысына тосқауыл қойылыпты.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті Ақтау қаласы полиция басқармасы ұсынды