©
Ақтауда республикаға танымал көңілді тапқырлар клубының (КВН) ойыншысының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 2018 жылғы 20 шілде күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ақтау қаласы 6 шағынауданда орналасқан «Хорошее Заведение» караоке барында болған. Барда демалып жүрген бірнеше жігіт бір-бірімен сөзге келіп, келіспеушілік соңы төбелеске ұласады. Сотталушы С. республикаға танымал көңілді тапқырлар клубының ойыншысы Данияр Алимбаевтың сол жақ санына пышақ салады. Пышақ үлкен күре тамырдың үстінен түсіп, Данияр көп қан жоғалтып қайтыс болды. Сондай-ақ осы бардың қызметшісі мен тағы бір азаматқа денсаулықтарына жеңіл дәрежеде зиян келтірілген. КВН-шінің өліміне қатысты сот ісі қазан айында басталған болатын. Сотталушылардың бірі С.-ға бұзақылық ниетпен адам өлтірді, ал Т. мен Ш. есімді күдіктілерге суық қару қолданып бұзақылық жасады деген айып тағылған болатын. Бір айға созылған сот отырысын БАҚ өкілдері мен қоғамдық бақылаушыларының назарында болды.
Бүгін сот отырысына нүкте қойылып, сот үкімімен С. есімді күдікті ҚР ҚК-нің 99-бабының 2 бөлігінің 9 тармағымен (бұзақылық ниетпен адам өлтіру) кінәлі деп танылып, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
"Сотталушылар Т. мен Ш. сот үкімімен ҚР ҚК-нің 293-бабының 2 бөлігінің 1 тармағымен (суық қару қолданып бұзақылық жасау) кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлайды Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, Данияр Алимбаевтың әйеліне С.-дан 3 млн теңге, Т.-дан 500 мың теңге, Ш.-дан 500 мың теңге моральдық зиян сомасы өндірілді.
"Сол сияқты оқиға орнында төбелес салдарынан денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келген екі азаматтың біріне сотталғандардан ортақ түрде 100 000 теңге, екіншісіне 50 000 теңге моральдық зиян сомасы өндірілді", - деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен