Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күнін мерекелеуге орай «Арман» жастар орталығында қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыс өтті. «Асқақтай бер – Астана!» атаумен өткен сайысқа облысымыздағы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысып, бақтарын сынады. Шараны Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және ҚХА жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымы ұйымдастырды.
- Басты мақсат қазақ мәдениетін, этникалық ерекшіліктерін насихаттау, жастардың патриоттық рухын нығайту, рухани және адамгершілік құндылықтарды дамыту болып табылады. Бүгінгі сайысқа қатысып отырған жастар ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Нұрперзент Домбайдың және т.б. белгілі қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқиды. Одан бөлек қатысушыларға Елордамыз, Елбасымыз жайында викториналық сұрақтар қойылып, білімдерін тексереміз,-дейді Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Амангүл Джайлханова.
Сайыста «Алла-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінен Джазира Талайбекқызы М. Мақатаевтың «Қазақстан» шығармасын, «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінен Седа Гасанова Н. Домбайдың «Ей, Астана!» шығармасын және Севиля Гадирова М. Әміреұлының «Астана-арман қала» шығармасын, «Ехпайрутюн» армиян этномәдени бірлестігінен Армен Саакян Ұ. Истаевтың «Қазақстан» шығармасын, «Қазақстан Корейлер ассоциациясының» Ақтаудағы филиалынан Ли Алексей «Астананы», «Орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінен Карина Альпбаева М. Жұмабаевтың «Қазақ тілі» шығармасын мәнерлеп оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
-Мен 7-сыныптан бастап қазақ тілінен өткізілетін олимпиадаларға, түрлі байқауларға қатысып, бағымды сынап жүрмін. Маған қазақ тілін әкем Рагил үйретті. Өзіме де қазақ тілінде таза сөйлеп, ойымды еркін жеткізу үшін үнемі ізденіп жүремін. Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын көп оқимын. Абайдың 15 өлеңін жатқа білемін. Қазақ тілінде ән айтамын, мәнерлеп оқимын, одан бөлек сурет саламын. Болашақта заңгер мамандығын меңгеріп, елімнің дамуына үлкен үлес қосқым келеді... Бұл жолы мәнерлеп оқудан сайыста Нұрперзент Домбайдың «Ей, Астана!» шығармасын мәнерлеп оқыдым,-дейді «Достлуг» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің өкілі, 11-сынып оқушысы Седа Гасанова.
Сайыс қорытындысында қатысушылардың барлығы алғысхаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.Венера МИРЛАН