Өткен аптада Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылы маңында жер астынан адам қаңқалары табылғаны туралы ақпарат жария болды. Траншея қазу кезінде бұл қаңқаларды құрылысшылар кездейсоқ кездестірген. Бұл жөнінде Маңғыстау тарихи-мәдени қорығының археология жəне архитектура бөлімінің жетекшісі Б. Төлегенұлы фейсбук парақшасында жазды.
Өлкетанушы жазбасында бұған қатысты белгілі болған ақпарларды толық қамтуға, қызығушылық танытқандарға жауап беруге тырысқан. Алдын ала болжамдарды да келтірген.
Дегенмен біз табылған сүйектерге қатысты жаңа мәлімет бар ма, зерттеу жүргізіле ме, кім айналысады сынды сұрақтардың жауабын білмекке қорыққа хабарластық.
Жұмыс барысында қаңқа табылғанын құрылысшылар дер кезінде мұражай қызметкерлеріне хабарлаған. Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени қорық мамандары хабар жеткен бойда сүйек табылған аумаққа аттанған. Құрылысшылар мұнда әдейі емес, кездейсоқ түскен. Анық-қанығын білу үшін заң бойынша қаңқа табылған аумақтағы құрылыс уақытша тоқтатылып, алғашқы апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Алғашқы апаттық-құтқару жұмыстарына өлкеге белгілі археолог Андрей Астафьев те қатысқан.
- Сүйектерді алып, орнын тазалап, алғашқы ақпаратты алдық. Қазіргі анықталған жағдай бойынша бұл – катакомбалық қабір. Ішінен 6 адамның сүйегі табылды, уақыты жобамен б.з. алғашқы кезеңдері деп ойлаймыз. Уақытты табу үшін артефакт қажет. Сүйектермен бірге пышақ, моншақ және ұршық шықты. Бірақ бұл екі-үш нәрсемен қорытынды жасай алмаймыз. Адамдардың басының шығысқа қарап жатуын, бірнеше адамды бірге жерлеуін ескере отырып, б.з. 1-5 ғасырлары болуы мүмкін деп әзірше айта аламыз, - дейді Бекболат Төлегенұлы.
- Біз құзырлы орган ретінде, алдымен, мамандарымызды жіберіп, анықтадық. Ол зерттеуді қажет ететін нәрсе. Біз қазір сүйек қана тауып отырмыз. Зерттеудің қорытындысы шыққан соң ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне осындай жаңалық табылғанын хабарлайтын боламыз. Ғалымдар қарап, тарихи құндылығы анықталса, міндетті түрде зерттеледі, - дейді Мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина.
Өлкетанушының айтуынша, мұндай қабірлер бұған дейін Сырлытам, Шағатай, Құмыра жерлерінен де табылған. Бірақ бұл катакомба бұрынғыдан өзгерек. Себебі:
- Катакомбаны табу қиын, арнайы іздесең де таппайсың. Осы секілді аяқасты кез болып қалады. Бұрын табылған катакомбалар бір бөлмелі болса, бұл жерде бірден 8 бөлме шығып тұр. Бұл – үлкен олжа, мұның ерекшелігі сонда. Олжаны қазбай тастап кету, шыны керек, тарих үшін, ғылым үшін қиянат деп ойлаймын, - дегенді айтады Бекболат Төлегенұлы.
Алғашқы жұмыстар кезінде мамандар сүйектерді алып, орындарды көміп, алаңшаны қоршауға алған. Енді оны әрі қарай толыққанды ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізуді күтуде.
-Археолог Андрей Астафьев жасаған болжамды нақтылау үшін басшылыққа археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысымызды жеткіздік. Ал құрылыс мекемесі басқа бағытта жұмыстарын жалғастырып кетті, - деді өлкетанушы.
Аумаққа зерттеу жүргізу мәселесі қараша айының алғашқы 10 күндігінде шешілмек.
-Андрей Астафьев – Маңғыстаудың жергілікті археологиясын жетік білетін маман. Оның үстіне бұл қазір ол кісінің ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген тақырыбына сәйкес келеді. Жақсы жаңалық болып қалар деген ойдамыз, - дейді Б. Төлегенұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер Бекболат Төлегенұлынан алынды