©
Қазақстан Республикасының Ішкі істер департаментінің атауы Қазақстан полиция департаменті болып өзгертілді. Мәселен, Маңғыстау облысының ІІД бұдан былай Маңғыстау облысының Полиция департаменті деп аталатын болады.
Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі ішкі істер департаменті ҚР ІІМ Көліктері полиция департаменті болып өзгертілді. Қазақстандық полицияны реформалау аясында бірнеше өзгеріс енгізіліп отыр.
Алдағы уақытта ІІД мен жергілікті полиция қызметін жаңадан құрылған полиция департаменті болып өзгерген органдарды біріктіру жоспарланып отыр.
Тағы да айта кететіні, бұған дейін елімізде ҚР-ның Ішкі істер министрінің ұсынысымен полиция департаментінің басшыларын облыс әкімі тағайындауы мүмкіндігі де айтылған болатын.
Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздегі полицейлердің формасына өзгеріс енгізетіндігін айтты. Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлаған болатын.
Министр бұдан былай полицейлердің формасы ауысатынын және полицейлердің киіп жүрген формасының жұмысына тым ыңғайсыз екендігін айтқан.
«Біздің форма көбіне кеңсе қызметкерлерінің формасы сияқты. Бізге далада жүргенде ыңғайлы болатын форма керек. Бірыңғай болуы керек, климат жағдайымыз да әр түрлі. Қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Енді полицейлерде жеңіл бас киім болады», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Айта кетейік, ІІМ өкілдері полицейлердің қазір кіип жүрген формасы ыңғайсыз және заманауи талаптарға сәйкес еместігін, сондай-ақ еліміздегі полицейлерде жаңа форма болатыны жайлы бұған дейін мәлімдеген болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен